Мемлекет басшысы: армияны заман талабына сай нығайту – негізгі басымдық
Сурет: akorda.kz
Мемлекет басшысы қауіпсіздік мәселелері мен қорғаныс қабілетін күшейту, сондай-ақ күштік құрылымдардың беделін арттыру – мемлекеттің басты басымдықтарының бірі екенін айтты.
"Соңғы жылдары әскери қызметшілерге, құқық қорғау және арнаулы органдар қызметкерлеріне кеңінен қолдау көрсетіліп келеді. Ипотекалық бағдарламалар іске қосылды, еңбекақы кезең-кезеңімен артып, әлеуметтік жеңілдіктер көбейіп жатыр. Күштік құрылымдар сапына жастарды көбірек тартып, кадрлық әлеуетті нығайтуға ерекше көңіл бөлінуде", – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев әскери білім беру саласына да ерекше назар аударып, үздік түлектерді ынталандыру жөнінде тапсырма берілгенін атап өтті.
"Парламентте үздік білім алушыларға оқуын аяқтаған кезде бірден "аға лейтенант" шенін беру мәселесіне қатысты тиісті түзетулер қарастырылып жатыр. Жалпы, биыл және келесі жылдар әскери білім беру сапасын арттыруға арналуы керек", – деді Мемлекет басшысы.
Президент елдің аумақтық тұтастығын қорғау мен ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету "Заң және тәртіп" қағидатымен тығыз байланысты екенін жеткізді.
"Біз құқықтық нигилизмге жол бермейтін, жасанды немесе аңыздағы емес, шынайы батырларды құрметтейтін қоғам құруымыз қажет. Отан үшін адал қызмет еткен азаматтар жастарға үлгі болуы тиіс", – деді ол.
Мемлекет басшысы ерлікпен қаза тапқан әскери қызметшілердің, полиция мен құтқарушылардың есімін ұлықтау жұмыстары жүргізіліп жатқанын да атап өтті. Оның айтуынша, олардың есімдері көшелер мен мекемелерге берілуде, сондай-ақ ведомстволық марапаттар арқылы да есте қалдыру тәжірибесі енгізілуде.
Соның бірі ретінде Президент полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың есімін атады. Ол 15 жыл бұрын лаңкесті ұстау кезінде ерлікпен қаза тапқан.
"Біздің мақсатымыз – батырларымыздың ерлігін мәңгі есте сақтау, өскелең ұрпақты нағыз ерлікке, қайсарлыққа және шынайы патриотизмге тәрбиелеу", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.