Президент Ұлы дала тарихын бұрмалауға жол бермеуге шақырды

Қасым-Жомарт Тоқаев Алтын Орда дәуірі Қазақстан тарихының маңызды бөлігі екенін айтып, бұл кезеңді кең өркениеттік парадигма аясында қарастыру қажет екенін мәлімдеді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Алтын Орда тарихына арналған халықаралық жиында айтты., сурет - Zakon.kz жаңалық 19.05.2026 14:49 Сурет: akorda.kz
Қасым-Жомарт Тоқаев Алтын Орда дәуірі Қазақстан тарихының маңызды бөлігі екенін айтып, бұл кезеңді кең өркениеттік парадигма аясында қарастыру қажет екенін мәлімдеді.

Президенттің сөзінше, тарихи оқиғаларды тек әскери қақтығыстар арқылы бағалау өткеннің шынайы болмысын толық ашпайды.

"Алтын Орда дәуірі отандық тарихымыздың маңызды бөлігі, сонымен бірге біз бұл кезеңді ауқымды өркениет парадигмасы тұрғысынан қарастырамыз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы көптеген халықтардың тарихи жадында реформаторлар мен ойшылдардың еңбегінен гөрі, билеушілердің жорықтары мен қолбасшылардың ерліктері көбірек сақталатынын атап өтті.

"Расында, соғыстардағы аңызға айналған жеңістер адамдардың рухын оятады. Ал тағдыршешті мәні уақыт өте келе байқалатын институционалды жаңашылдықтар мен озық идеяларға көпшілік селт ете қоймайды", – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, осының салдарынан Ұлы дала тарихы көбіне шексіз шайқастар мен соғыстардың хроникасы ретінде бұрмаланып көрсетіліп келеді.

"Мұндай сыңаржақ ұстаным Ұлы даланың, әсіресе, Алтын Орданың күрделі, көп қатпарлы өмір салтын әскери шежірелердің ойдан шығарылған өлшемдеріне салып, тарихи шындықтан алыстатады", – деді Мемлекет басшысы.

Президент қазіргі ғылымның пәнаралық даму деңгейі Алтын Орда тарихын объективті зерттеуге жаңа мүмкіндік беретінін айтты. Оның пікірінше, бүгінгі таңда осы кезеңді зерттеп жүрген беделді ғалымдардың бас қосуы тарихи пайымдаудың жаңа көкжиегін ашуға жол ашады.


"Қазіргі ғылымның жоғары пәнаралық даму деңгейі Алтын Орда тарихын объективті зерттеу үдерістерін жетілдіруге мүмкіндік береді деп санаймын", – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сөз соңында Президент ғылыми ізденістерді тереңдету арқылы Алтын Орда тарихын жаңаша пайымдаудың маңызын ерекше атап өтті.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: