Синоптиктер еліміздің бес өңірінде аптап ыстық болатынын ескертті
Сурет: pixabay
Синоптиктердің мәліметінше, сәрсенбіде Ақтөбе облысында пайда болған циклон салдарынан еліміздің басым бөлігіне тұрақсыз ауа райы қалыптасады.
Сондай-ақ найзағай ойнап, жаңбыр жауады деп күтіледі.
Синоптиктер ұсынған болжамға сәйкес, батыс, солтүстік-батыс және оңтүстік-шығыстың таулы аймақтарында нөсер жаңбыр жауады.
Бірқатар өңірде бұршақ түсіп, қатты жел тұруы мүмкін.
Сонымен қатар, елімізде жел екпін алып, солтүстікте түнде және таңертең тұман болады деп күтіледі.
Дегенмен бірқатар өңірлерде, соның ішінде Жетісу, Абай және Ұлытау облыстарында сынап бағаны көтеріліп аптап ыстық болады: +35...+38°C. Сондай-ақ Қарағанды облысының оңтүстігінде және Алматы облысының солтүстігінде қатты ыстық болады: +36°C.
Сонымен қатар еліміздің бірқатар аймақтарында, соның ішінде орталық, оңтүстік және батыс аймақтарында жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады.
Бұған дейін "Қазгидромет" РМК синоптиктері 2 маусымда еліміздің басым бөлігінде қолайсыз ауа райына байланысты дауылды ескерту жариялаған болатын.