Жақсылық Омардың ісінен кейін отставкаға кетпек болған ШҚО әкімінің өтініші неліктен қанағаттандырылмады
Сурет: gov.kz
2026 жылғы 2 маусымда Instagram-дағы парақшалардың бірінде 20 мамырда ШҚО әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Жақсылық Омарға қатысты пара алу ісі бойынша айыптау үкімі заңды күшіне енгені еске салынды.
Жазбада заңға сәйкес облыс әкімі қарамағындағы қызметкердің сыбайлас жемқорлыққа қатысы анықталса, 10 күн ішінде отставкаға кетуге тиіс екені айтылған. Бірақ бұл туралы ресми ақпарат жарияланбағаны жазылған.
Осыған байланысты ШҚО әкімдігі түсініктеме берді.
"Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов белгіленген тәртіппен отставкаға өтініш берді. Алайда өтініш қаралып, оның бұл іске қатысы жоқ екені ескеріліп, ол қанағаттандырылмады". Өңір әкімінің баспасөз хатшысы Лаура Жақыпова
Оның айтуынша, облыс әкімі барлық әлеуметтік-экономикалық бағыттар бойынша өз жұмысын қалыпты режимде жалғастырып жатыр.
Жақсылық Омарға қатысты ақпарат 2026 жылғы 13 ақпанда әлеуметтік желілерде пайда болған. Сол күні әкімдік бұған қатысты түсініктеме берген. 18 ақпанда ҰҚК бұл шенеунікке қатысты тергеу жүріп жатқанын хабарлаған. 19 наурызда Өскемен қаласында басты сот процесі басталып, оған қандай айып тағылғаны белгілі болды. Жақсылық Омар сотта өз кінәсін толық мойындаған. 3 сәуірде Өскемен қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты оны қызметтік өкілетін пайдаланып алаяқтық жасағаны және пара алғаны үшін кінәлі деп танып, 6 жылға бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ ол өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылып, Toyota автокөлігі тәркіленді.
Айта кетейік, Жақсылық Омар 2025 жылдың сәуірінен бастап ШҚО әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарған. Оған дейін 2024 жылдың желтоқсанынан бастап облыс әкімінің кеңесшісі болған. Ал бұған дейін, 2018 жылдың тамызынан 2024 жылдың қарашасына дейін Өскемен қаласының әкімі болған.