Алматы хайуанаттар бағында өрт шықты
Сурет: Zakon.kz
Куәгерлердің айтуынша, қызыл жалын хайуанаттар бағының ішкі аумағында тұтанған. Алдын ала мәлімет бойынша, аумақ шамамен 25 шаршы метрді құрады.
Куәгерлердің сөзінше, өрт фотографтарға арналған күзет немесе қызметтік дүңгіршек ретінде пайдаланылған жеңіл коммерциялық құрылысты шарпыған. Сонымен қатар, жақын маңда тұрған серуендеуге арналған электр көліктері де зақымданған.
Сондай-ақ оқиға орнында болғандардың айтуынша, қою түтін мен ашық жалын зебралар мен антилопалар орналасқан қоршауларға жақын жерден байқалған.
Қазіргі уақытта адамдар немесе жануарлар арасында зардап шеккендер туралы ресми ақпарат жоқ. Өрттің шығу себебі мен келтірілген шығын көлемі анықталып жатыр.
Оқиға орнында Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары жұмыс істеді. Сондай-ақ жедел жәрдем көлігі де кезекшілік атқарды. Әзірге ҚР ТЖМ ресми ақпарат таратқан жоқ.
Бұған дейін Көкшетауда көпқабатты тұрғын үйдегі пәтерлердің бірі өртеніп, 10 жасар бала құтқарылғанын жазғанбыз.



