Ақтөбеде мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өткен шетелдік азамат ұсталды
Сурет: polisia.kz
Анықталғандай, көршілес мемлекеттің 38 жастағы азаматы бұған дейін Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылған. Нәтижесінде Батыс Қазақстан облысындағы соттың шешімімен ел аумағынан шығарылып, Қазақстанға қайта кіруіне шектеу қойылған.
Алайда белгіленген тыйымға қарамастан, ол мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтіп, еліміздің оңтүстік өңірлері арқылы жаяу түрде Қазақстан аумағына қайта кірген.
Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында аталған азаматтың Ақтөбе облысының аумағында жүргені анықталды. Полицейлердің жедел әрекетінің нәтижесінде заңсыз келуші Ақтөбе қаласында ұсталып, қамауға алынды.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 392-бабы (Мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту) негізінде қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.