Астанада LRT-ның мектептік және жеңілдік санатындағы көлік карталарын қайдан алуға болады
Сурет: primeminister.kz
LRT атаулы мектептік және жеңілдік санатындағы көлік картасын рәсімдеу:
- LRT барлық стансаларында – карта бірден беріледі;
- онлайн Transcard.kz сайты арқылы – карта Р. Қошқарбаев даңғылы, 50/1 мекенжайындағы Орталық кассадан беріледі.
Картаны рәсімдеу құны - 1200 теңге.
LRT атаулы көлік карталарын мыналар рәсімдей алады:
- елорданың білім беру ұйымдарының 7 жастан 18 жасқа дейінгі оқушылары;
- Астана қаласында тіркелген және тұрақты тұратын, Астана қаласы мәслихаты бекіткен жеңілдік санаттарына жататын азаматтар.
Жеңілдік санатына жататын азаматтар тізімімен CTS сайтында жарияланған "Жария шарттың" қосымшасынан танысуға болады.
Атаулы картаны рәсімдеу үшін келесі құжаттар қажет:
- туу туралы куәлік/жеке куәлік;
- оқу орнынан анықтама/жеңілдікті растайтын құжат;
- 3×4 фото немесе касса қызметкері орнында фотоға түсіре алады.
Картаны рәсімдеуде мөрі бар құжаттардың түпнұсқасын ұсыну қажет.
Жеңілдік санаттарына жататын "Қамқоршы", "Заңды өкіл", "Көпбалалы аналар" және "Көпбалалы отбасы" санатындағы азаматтардың зейнетақы куәлігінде жеңілдіктің әрекет ету мерзімі көрсетілген, Астана қаласы бойынша әлеуметтік төлемдерді есептеу жөніндегі ведомствоаралық орталықтың, "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамының мөрімен расталған өзекті жазба болуы тиіс.
Атаулы карталарды стансаларда рәсімдеу күн сайын 07:00 - 19:45 аралығында жүзеге асырылады. Үзіліс - 13:00 - 14:00.
Қала және қала маңы бағдарларында жүруге арналған атаулы көлік карталары тек Орталық кассада беріледі.