Цифрлық даму министрлігі жеке деректерді қорғау бойынша ұсынымдар жариялады
Фото: pixabay
Ведомствоның мәліметінше, жеке деректер – электрондық, қағаз немесе өзге де материалдық жеткізгіштерде тіркелген, белгілі бір адамға қатысты мәліметтер. Олардың қатарына биометриялық деректер де кіреді.
"Жеке деректер және оларды қорғау туралы" заңға сәйкес, жеке деректер қолжетімділігіне қарай жалпыға қолжетімді және қолжетімділігі шектеулі деректер болып бөлінеді.
Құжатта атап өтілгендей, жалпыға қолжетімді жеке деректерге Қазақстан заңнамасына сәйкес құпиялылық талаптары қолданылмайтын әрі дербес деректер субъектісінің келісімімен еркін қолжетімді болатын мәліметтер жатады.
Ал қолжетімділігі шектеулі жеке деректер – оларға қол жеткізу Қазақстан Республикасының заңнамасымен шектелген мәліметтер.
Мұндай деректер қатарына жеке өмірге, отбасына, салыққа, банк қызметіне, коммерциялық қызметке қатысты құпия мәліметтер, медициналық құпия және заңмен қорғалатын өзге де құпиялар, сондай-ақ құрамында жеке деректер бар кез келген құпия ақпарат кіреді.
Министрлік түсіндіргендей, азаматтың аты-жөні мен жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) қандай да бір құпия ақпаратпен байланыстырылмай жеке қолданылған жағдайда жалпыға қолжетімді жеке деректер болып саналады.
Алайда аты-жөні мен ЖСН қаржылық құпиямен, медициналық құпиямен немесе заңмен қорғалатын өзге де құпия ақпаратпен бірге пайдаланылса, олар қолжетімділігі шектеулі жеке деректер санатына жатқызылады.
Еске салайық, бұған дейін Астана, Алматы және Қарағанды қалаларындағы азаматтардың жеке деректері халықаралық қылмыстық арнаның қолына түскені туралы хабарланған болатын.