Үкімет 2026 жылға арналған есірткі құралдары мен психотроптық заттарға мемлекеттік квотаны бекітті
Фото: akorda.kz
2026 жылғы 15 маусымдағы қаулыға сәйкес, заңды тұлғалардың есірткі құралдарына, психотроптық заттар мен прекурсорларға деген қажеттілігі айқындалды. Бұл көлемдер медициналық, ғылыми-зерттеу, оқу және өндірістік мақсаттарға пайдалану үшін бекітілген.
Есірткі құралдарының тізіміне героин, кодеин, метадон, морфин, кокаин, барбитал және басқа да заттар енгізілген. Өткен жылмен салыстырғанда тізімдегі атаулар саны 24-тен 30-ға дейін көбейген.
Психотроптық заттар тізімі де кеңейтіліп, 51 атаудан 87 атауға жетті. Олардың қатарында амфетамин, бупренорфин, диазепам, клоназепам, оксазепам, нозепам, фенобарбитал және өзге де дәрілік заттар бар.
Ал прекурсорлар тізіміне 14 түрлі зат енгізілген. Олардың қатарында сірке қышқылы ангидриді, ацетон, тұз қышқылы, күкірт қышқылы, толуол, эфедрин және басқа да химиялық заттар бар. Биыл бұл тізімге тетрагидрофуран қосылды.
Құжат 2026 жылғы 15 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді.
Айта кетейік, аталған заттар медициналық, ғылыми және өндірістік мақсаттарда заңды түрде қолданылатындықтан, мемлекет олардың айналымын арнайы квоталар арқылы реттейді.