Қазақстанда су тасқынымен күреске АҚШ-тың авиациялық технологияларын тарту жоспарланып отыр
Фото: primeminister.kz
Су ресурстары және ирригация вице-министрі Аслан Әбдірайымов қар жамылғысын әуеден бақылауға маманданған америкалық екі компанияның өкілдерімен кездесті.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің 2026 жылғы 25 маусымдағы мәліметіне сәйкес, тараптар қар жамылғысын мониторингтеу, көктемгі су ағынын болжау және су тасқыны қаупі туралы ерте ескерту жүйелерін дамыту бағытындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады.
Кездесу барысында өзен алаптары бойынша деректер жинауға, картографиялық материалдар мен аналитикалық есептер әзірлеуге, сондай-ақ алынған ақпаратты министрліктің қолданыстағы модельдері мен ақпараттық жүйелеріне енгізуге мүмкіндік беретін заманауи авиациялық технологияларды қолдану мәселесіне ерекше назар аударылды.
Талқылау қорытындысы бойынша тараптар бағдарламаны кезең-кезеңімен іске асыруға келісті. Жоба ауқымы біртіндеп кеңейтіліп, еліміздің су ресурстарын басқару саласындағы ұзақмерзімді міндеттеріне бағытталмақ.
Алғашқы кезеңде жұмыстар Жабай өзенінің бассейнінде жүргізіледі. Мұнда авиациялық технологиялардың көмегімен қар жамылғысына жоғары дәлдікпен өлшеулер жүргізіліп, алынған деректер министрліктің қолданыстағы модельдері мен жүйелеріне енгізіледі.
Ведомствоның мәліметінше, бұл әдістемені сынақтан өткізуге, отандық мамандарды даярлауға және бағдарламаны басқа өңірлерге кеңейтудің тиімділігін бағалауға мүмкіндік береді.
Келесі кезеңдерде мониторинг пен болжау жұмыстары басым су жинау алаптары мен өңірлерге таратылады. Бұл су ресурстарын басқару модельдерінің сапасын арттырып, деректерді интеграциялауға және бірлескен техникалық әлеуетті дамытуға жол ашады.
Ұзақ мерзімді перспективада аталған технологияларды Қазақстанның бүкіл аумағында қолдану көзделіп отыр. Бұл су ресурстарын кешенді басқаруға, су тасқыны қаупін азайтуға, су қоймаларын тиімді пайдалануға және климаттық өзгерістерге төзімділікті арттыруға мүмкіндік береді.
"Қазақстан үшін тек заманауи деректерге ие болу ғана емес, сонымен қатар басқарушылық шешімдерді алдын ала қабылдауға, су тасқыны тәуекелдерін төмендетуге және халықты, инфрақұрылым мен ауыл шаруашылығын қорғауға мүмкіндік беретін тиімді құралдың болуы маңызды", – деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Аслан Әбдірайымов.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бағдарламаны кезең-кезеңімен жүзеге асыру және оны Қазақстан аумағында енгізудің келесі қадамдары бойынша келіссөздерді жалғастыруға уағдаласты.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда француз серіктестерімен бірлесіп Балқаш көлінің экожүйесін сақтау жөніндегі мастер-жоспар әзірленіп жатқаны хабарланған болатын.