Ақтөбеде әскери қызметтен босатуға уәде берген алаяқ әшкереленді
Фото: pexels
Жәбірленушінің айтуынша, бейтаныс азамат 250 мың теңге көлеміндегі сыйақыға әскери қызметтен кейінге қалдыру рәсімін жасап беруге уәде еткен. Оның сөзіне сенген жас жігіт көрсетілген соманы қолма-қол тапсырған. Алайда ақшаны алғаннан кейін күдікті байланысқа шықпай, берген уәдесін орындамаған.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтап, оны полиция бөліміне жеткізді. Ол 21 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Тергеу барысында оның алған қаражатты жеке қажеттіліктеріне жұмсағаны анықталды.
Аталған факті бойынша алаяқтық дерегімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Полиция азаматтарды сақ болуға шақырды.
"Әскери қызметтен босату немесе кейінге қалдыру, жұмысқа орналастыру, мемлекеттік қызметтерді рәсімдеу сияқты мәселелерді ақша арқылы шешіп беремін деген адамдарға сенбеу қажет. Мұндай ұсыныстардың басым бөлігі – алаяқтық әрекеттері", – делінген хабарламада.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, әскери қызметке қатысты барлық шешімдер қолданыстағы заңнамаға сәйкес тек уәкілетті мемлекеттік органдар арқылы қабылданады.