Қазақстанда бастауыш сыныптар үшін БЖБ мен ТЖБ-ны алып тастау мәселесі қарастырылып жатыр
Фото: Zakon.kz/Павел Михеев
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова 2026 жылғы 26 маусымда Үкімет кулуарында мектептердегі білімді бағалау жүйесіне қатысты жоспарлар туралы айтты, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.
Министрдің сөзінше, қазіргі уақытта бастауыш сыныптарда бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) мен тоқсандық жиынтық бағалауды (ТЖБ) алып тастау мәселесі талқыланып жатыр.
"Бұл мәселені ең алдымен ата-аналар көтерді. Қазір оқушы БЖБ немесе ТЖБ тапсырған кезде ата-аналардың бәрі осы процеске араласады. Ал негізінде бұл – баланың білім деңгейін бағалауға арналған құрал. Сонымен қатар, бүгінде БЖБ мен ТЖБ тапсырмаларының сатылып жатқаны анықталып отыр. Мұндай фактілерге құқықтық баға берілуі қажет. Критериалды бағалау жүйесін енгізген көптеген дамыған елдерде бастауыш сыныптарда БЖБ мен ТЖБ мүлде қолданылмайды. Сондықтан Оқу-ағарту министрлігі қазіргі таңда оларды бастауыш сыныптар үшін алып тастау мәселесін қарастыруда, – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Оның айтуынша, бұл мәселеге қатысты нақты шешім дәстүрлі Тамыз кеңесінде жарияланады.
Сондай-ақ журналистер министрден БЖБ мен ТЖБ алынып тасталса, оның орнына қандай бағалау жүйесі енгізілетіні және бес балдық жүйе қайта оралуы мүмкін бе деген сауал қойды.
"Менің ойымша, бес балдық бағалау жүйесі бүгінгі талапқа сай келмейді. Әлемде бағалаудың түрлі үлгілері бар. Мұнда балалардың жас ерекшелігі мен білімді меңгеру деңгейі ескерілуі тиіс. Қазір білім беру жүйесіне жасанды интеллект элементтері енгізіліп жатыр. Біз бұл мәселені жан-жақты зерделеп жатырмыз, толық жауапты кейінірек береміз, – деді министр.
Еске салайық, бұған дейін Жұлдыз Сүлейменова Қазақстанда БЖБ мен ТЖБ тәжірибесінен кезең-кезеңімен бас тарту жоспарланып отырғанын мәлімдеген болатын. Кейін Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова бұл бағалау жүйесін енгізуге жауапты тұлғалар жауап беруі тиіс деген пікір білдірді.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript