Алматыда бір тоннадан астам мерзімі өткен дәрі-дәрмек жиналды
Фото: pexels
Жобаны STADA Kazakhstan компаниясы, Қазақстан Республикасы Фармацевтикалық қызметті қолдау және дамыту қауымдастығы мен Acler Group компаниясы Алматы қаласы әкімдігінің Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы және "Eco Almaty" ЖШС-нің ақпараттық қолдауымен жүзеге асырып келеді.
Жоба 2025 жылы маусым айында басталды. Оның негізгі мақсаты – тұрғындардан мерзімі өткен және пайдаланылмаған дәрі-дәрмектерді қауіпсіз жинап, оларды тұрмыстық қоқысқа, топыраққа немесе су айдындарына тастауға жол бермеу. Өйткені, мұндай қалдықтар қоршаған ортаға айтарлықтай зиян келтіруі мүмкін.
Бүгінде Алматыдағы 38 қалалық емханада дәрі-дәрмек қабылдауға арналған арнайы экобокстар орнатылған. Жоба жүзеге асқан алғашқы жылдың өзінде бір тоннадан астам мерзімі өткен дәрі жиналды. Әр қаптаманың салмағы аз болғанымен, жалпы көлемі қоршаған ортаға түспеген қауіпті қалдықтардың едәуір мөлшерін алады.
STADA Kazakhstan компаниясының бас директоры Наталья Гарипова бір жыл бұрын тұрғындардың бұл бастамаға қаншалықты қызығушылық танытатыны белгісіз болғанын айтты.
"Бір жыл бұрын тұрғындар мерзімі өткен дәрілерді арнайы тапсыруға дайын бола ма деген сұрақ туындаған еді. Бүгінде халықтың жобаны белсенді қолдағанына көз жеткіздік. Бір жылдың ішінде бір тоннадан астам қауіпті қалдық жиналды. Бұл экологиялық қауіпсіздік пен халық денсаулығын қорғау жолындағы маңызды қадам. Біздің мақсатымыз – дәрі-дәрмектерді қоршаған ортаға зиян келтірмейтін жолмен кәдеге жарату", – деді Наталья Гарипова.
Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Еркін Нұрлыханов бұл жобаның қала үшін маңызы зор екеніне тоқталды.
"Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы ретінде бұл жобаны үлкен жетістік деп бағалаймыз. Әсіресе, бастаманың фармацевтика саласы өкілдерінен шығуы маңызды. Олар мәселенің ауқымын жақсы түсінеді. Сондықтан біз бұл жобаны толық қолдаймыз", – деді ол.
ECO Network және "Эко-Хаб" жобаларының негізін қалаушы Евгений Мұхамеджановтың айтуынша, жоба бір жыл ішінде алматылықтар арасында жоғары сұранысқа ие болғанын көрсетті.
"Жобаны бастағанда адамдарға мерзімі өткен дәрілерден қауіпсіз әрі қарапайым жолмен құтылудың мүмкіндігін көрсету басты мақсат болды. Бүгінде нәтижесі анық көрініп тұр: бір тоннадан астам дәрі қауіпсіз түрде жойылуға жіберілді. Бұл қала экологиясына ғана емес, тұрғындардың денсаулығына қосылған үлес", – деді Евгений Мұхамеджанов.
Емхана өкілдерінің айтуынша, тұрғындар арнайы экобокстарды бұрынғыдан жиі пайдалана бастаған. Мәселен, №4 қалалық емхананың өзінде жоба аясында шамамен 70 келі мерзімі өткен дәрі жиналған. Дәрігерлердің айтуынша, бұған дейін көптеген тұрғын қажетсіз дәрілерді қайда өткізуге болатынын білмеген.
Жиналған дәрі-дәрмектер арнайы технология бойынша кәдеге жаратылады. Acler Group компаниясының өкілі Малика Мұқанованың айтуынша, олар арнайы инсинераторларда 1200 градусқа дейінгі температурада термиялық өңдеу арқылы жойылады. Өңдеуден кейін қалған қауіпсіз қалдықтар арнайы полигондарға жеткізіледі.
Кездесуге қатысушылар бұл жоба бизнестің, мемлекеттік органдардың және қоғамдық ұйымдардың экологиялық мәселені бірлесіп шешудегі тиімді серіктестігінің жарқын үлгісі екенін жеткізді.
Ұйымдастырушылар дәрілік препараттардың қауіпті қалдықтар санатына жататынын еске салды. Сондықтан оларды тұрмыстық қоқыспен бірге тастауға немесе кәріз жүйесіне ағызуға болмайды. Алматыдағы қалалық емханаларда орнатылған арнайы экобокстар тұрғындардан мерзімі өткен дәрі-дәрмектерді қабылдауды жалғастырып жатыр.