Қазақстанда қай азық-түлік өнімдерінің бағасы арзандады
Фото: Zakon.kz
Бюроның мәліметінше, 24 маусымдағы жағдай бойынша ең көп арзандаған өнім – қызанақ. Оның бағасы бір аптада 5,5%-ға төмендеген.
Сонымен қатар келесі өнімдердің бағасы арзандаған:
- І санаттағы жұмыртқа – 1,3%-ға;
- қияр – 1,3%-ға;
- пастерленген сүт – 0,2%-ға;
- майлылығы 2,5% болатын айран – 0,2%-ға;
- майлылығы 5–9% сүзбе – 0,2%-ға;
- қара шай – 0,2%-ға;
- жылтыратылған күріш, жаңа ауланған, салқындатылған және мұздатылған балық, қаймақ, алма мен ас тұзы – 0,1%-ға.
Өңірлер бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы мына қалаларда төмендеген:
- Қонаевта – 0,5%-ға;
- Көкшетауда – 0,4%-ға;
- Павлодарда – 0,3%-ға;
- Шымкентте, Атырауда және Петропавлда – 0,2%-ға.
Ал Қостанай, Қызылорда, Семей, Тараз және Өскемен қалаларында баға өткен аптадағы деңгейде сақталған.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, өңірлердегі бағаның төмендеуіне маусымдық көкөністердің арзандауы және бакалея өнімдерінің жекелеген түрлерінің бағасының төмендеуі әсер еткен.
Сондай-ақ бюро кейбір азық-түлік тауарларының республика бойынша орташа және ең төменгі бағасын жариялады.
Қызанақтың орташа бағасы – 654 теңге/кг. Ең төменгі баға Шымкентте тіркелген – 406 теңге/кг.
Жылтыратылған күріштің орташа бағасы – 532 теңге/кг. Ең арзан күріш Қызылордада (461 теңге/кг) және Алматыда (478 теңге/кг) сатылып жатыр.
Картоптың орташа бағасы – 280 теңге/кг. Ең төменгі баға Таразда – 220 теңге/кг.
І санаттағы 10 дана жұмыртқаның орташа бағасы – 575 теңге. Ең қолжетімді баға Көкшетауда (486 теңге) және Ақтөбеде (488 теңге) тіркелген.
Бұдан бөлек, сүйекті сиыр етінің орташа бағасы республика бойынша 3777 теңге/кг, ал тауық етінің орташа бағасы 1725 теңге/кг болған.
Еске салайық, бұған дейін Ұлттық статистика бюросы Қазақстанның қай өңірінде егіздер мен үшемдер жиі дүниеге келетінін жариялаған болатын.