Ең мықты құрамның бірі – Тоқаев Парламенттің сегізінші шақырылымының депутаттарына зор алғыс білдірді

Касым-Жомарт Токаев, президент Республики Казахстан, президент РК, глава государства , сурет - Zakon.kz жаңалық 30.06.2026 12:51 Фото: akorda.kz
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында қазіргі депутаттық құрамның қызметіне жоғары баға беріп, олардың елдегі ауқымды реформаларды жүзеге асырудағы рөлін ерекше атап өтті.

Президенттің айтуынша, Парламентте қабылданған әрбір заң Тәуелсіз Қазақстанның болашағы үшін айрықша маңызды.

"Мен Парламенттегі қайнаған еңбектің, онда қабылданған әрбір заңның Тәуелсіз еліміздің келешегі үшін қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінемін", – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев осы тарихи кезеңде ел мүддесін бәрінен жоғары қойып, адал қызмет атқарған барлық шақырылымдағы Мәжіліс пен Сенат депутаттарына алғыс білдірді. Сондай-ақ қазіргі Парламент құрамын Қазақстанның жаңа тарихындағы ең үздік құрамдардың бірі деп атады.

"Әсіресе, Парламенттің қазіргі құрамына, яғни сіздерге алғысым зор. Бұл шақырылымды Қазақстанның жаңа тарихындағы ең мықты құрамның бірі деп сеніммен айтамын. Себебі сіздер мемлекетіміздің дамуындағы өте күрделі және шешуші кезеңде жұмыс істедіңіздер", – деді Президент.

Мемлекет басшысы депутаттардың елдегі ауқымды өзгерістердің бастауында тұрғанын және тарихи реформаларды жүзеге асыруға белсенді атсалысқанын айтты.

"Қаншалықты қиын болса да, түбегейлі өзгерістерді жүзеге асыру жолында табанды еңбек еттіңіздер. Сын сағатта жауапкершіліктен жалтармай, мемлекетіміз үшін аса қажетті реформаларды жүргізуге ұйытқы болдыңыздар", – деді ол.

Президенттің мәліметінше, соңғы үш жылдың өзінде 300-ден астам маңызды заң қабылданған. Олардың қатарында елдің ұзақмерзімді дамуына негіз болатын конституциялық заңдар мен кодекстер бар.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстанда экономиканы, мемлекеттік басқару жүйесін және қоғамдық құндылықтарды қамтыған ауқымды жаңғыру жұмыстары жүргізілгенін атап өтті.

"Біз біртұтас ұлт болып мемлекетімізді түбегейлі жаңғырту ісін қолға алдық. Экономикадан бастап қоғамдық құндылықтар жүйесіне дейін – ел өмірінің барлық саласында ауқымды өзгерістер жасалды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент депутаттардың еңбегі ел тарихында қалатынын айтып, сонымен бірге уақыт талабына сай батыл әрі жаңашыл шешімдер қабылдаудың маңызын да атап өтті.

"Дегенмен уақыт бір орында тұрмайды, зымырап өтіп жатыр. Көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп жатқан қазіргі кезеңде шын мәнінде жаңашыл әрі батыл қадамдар жасалуға тиіс. Бұл – заман талабы", – деді Мемлекет басшысы.
Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: