Жасанды интеллектіні экономиканың барлық негізгі саласына енгізу керек – Тоқаев
Фото: pixabay
Президенттің айтуынша, қуатты суперкомпьютерлерді іске қосу жасанды интеллект технологияларын мемлекеттік басқару, экономика және ұлттық қауіпсіздік салаларында қолдануға жол ашты. Алайда бұл бағытты одан әрі дамыту үшін жоғары есептеу қуаты мен заманауи инфрақұрылым қажет.
"Дәл осы себепті "Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы" мегажобасын қолға алудың мәні зор. Аталған жоба әлемдегі жетекші BigTech-корпорацияларды тартатын жойқын гравитациялық алаңға айналады", – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, қазіргі таңда Қазақстан Жаңа Жібек жолының жоғары технологиялық хабы ретінде цифрлық дербестігінің негізін қалыптастырып жатыр. Сонымен бірге ол инфрақұрылыммен қатар білікті мамандар даярлаудың маңызына ерекше тоқталды.
"Бұл ретте ең қуатты компьютерлерде, озық дата-орталықтарда жұмыс істейтін маман болмаса, қаржы желге ұшатынын ұмытпауымыз керек. Сондықтан болашақ архитекторлары мен бағдарлама әзірлеушілерін мектеп партасынан бастап даярлауға кірістік", – деді Президент.
Мемлекет басшысы Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы жанынан екі инновациялық мектеп ашылғанын, ал жаңа оқу жылында Орталық Азиядағы алғашқы мамандандырылған Жасанды интеллект университеті өз жұмысын бастайтынын мәлімдеді.
Президент цифрлық трансформация тек технологиялық жаңғыру емес, мемлекеттік басқару жүйесін түбегейлі өзгертетін үдеріс екенін атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде жоғары лауазымды басшылардан бастап ауыл әкімдеріне дейін ондаған мың мемлекеттік қызметші цифрлық технологиялар бойынша білім беру бағдарламаларынан өтіп жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік басқаруды дәстүрлі бюрократиялық үлгіден тиімділігі жоғары "Мемлекет-платформа" (GovTech) сервистік моделіне көшіру қажеттігін айтты.
"Түпкі мақсатымыз – жаһандық технологиялық ландшафтта орныққан, ұлттық мүддені табанды түрде қорғап, ілгерілететін, азаматтарына мүлтіксіз қызмет ететін озық цифрлық мемлекет құру", – деді Мемлекет басшысы.