Шымкентте ақылды бағдаршамдар жедел жәрдем көліктерінің негізгі көмекшісіне айналды

Шымкентте ақылды бағдаршамдар жедел жәрдем көліктерінің негізгі көмекшісіне айналды , сурет - Zakon.kz жаңалық 07.07.2026 15:04 Сурет: Иван Шаповалов
Шымкент көшелерімен ауыр хәлдегі науқасты алып бара жатқан жедел жәрдем көлігі жүйткіп келеді. Мұндай сәтте әрбір секунд адам өмірін сақтап қалуы мүмкін. Осындай жағдайда жедел қызмет көліктерінің еш кедергісіз қозғалуына "ақылды бағдаршамдар" көмектеседі, деп хабарлайды Zakon.kz.

Белгілі болғандай, олар жедел жәрдем жақындаған кезде автоматты түрде жасыл түске ауысады.

Қалалық жедел жәрдем станциясы бас дәрігерінің орынбасары Берік Төлеуовтің айтуынша, қазіргі уақытта "жасыл дәліз" жүйесіне бес жедел жәрдем бригадасы қосылған.

Оның сөзінше, жаз мезгілінде шақыртулар саны көбейеді. Сондықтан мұндай ақылды жүйе жедел жәрдем жүргізушілері үшін үлкен көмекке айналған. Күн сайын Шымкент қаласының жедел жәрдем станциясына жүздеген шақырту түседі. Ал шұғыл жағдайларда жолдағы әрбір минуттың маңызы өте зор.

Шымкентте ақылды бағдаршамдар жедел жәрдем көліктерінің негізгі көмекшісіне айналды , сурет - Zakon.kz жаңалық 07.07.2026 15:04

Сурет: Иван Шаповалов

"Бұл жүйенің жұмысын Жедел басқару орталығының (ЖБО) операторлары қадағалайды. Олармен байланысу үшін арнайы чат құрылған. Сол чатқа жедел жәрдем көліктерінің жүргізушілері тіркелген. Егер бірінші санаттағы шұғыл шақырту түссе, жүргізуші чатқа: "Мысалы, Толстой көшесі, 121 мекенжайынан шықтым. Қонаев көшесі, 190 мекенжайына бара жатырмын. Басымдық беруді қосыңыздар", – деп жазады. Сонымен қатар көліктің нөмірін, мысалы, 960 екенін көрсетеді. Осыдан кейін оның жүретін бағыты бойынша барлық бағдаршамдар жасыл түске ауысады. Соның арқасында ауыр жағдайдағы науқастарды ауруханаға әлдеқайда жылдам жеткізуге мүмкіндік бар",- деп түсіндірді жүйенің жұмысын Берік Төлеуов.

"Жасыл дәліз" жүйесі тек науқасты ауруханаға апара жатқанда ғана емес, шақырту орнына бара жатқан кезде де жұмыс істейді. Дәрігерлердің айтуынша, бұл әсіресе көлік кептелісі көп болатын уақытта жедел жәрдемнің оқиға орнына тез жетуіне мүмкіндік береді.

"Егер бірінші санаттағы жол-көлік оқиғасы туралы шақырту түссе, жедел жәрдем көлігі Толстой көшесі, 121 мекенжайынан шығып, Қонаев пен Желтоқсан көшелерінің қиылысына небәрі төрт минутта жетеді. Екі нүктенің арақашықтығы едәуір болғанына қарамастан, жүйе уақытты айтарлықтай үнемдейді. Соның нәтижесінде зардап шеккендерге көмек те әлдеқайда жылдам көрсетіледі", – деді Берік Төлеуов мысал ретінде.

Ақылды бағдаршамдар қалай жұмыс істейді

Шымкенттегі компания филиалының бағдаршам шаруашылығы бөлімінің басшысы Иван Шаповаловтың айтуынша, қазіргі заманғы бағдаршамдар көлік ағынын автоматты түрде реттеп отырады.

Оның айтуынша, бұл жүйенің ең басты ерекшелігі – толығымен қазақстандық мамандардың әзірлемесі.

"Жүйе көліктердің қозғалысы туралы ақпаратты әртүрлі датчиктер арқылы алады. Барлық мәлімет орталық серверге түседі. Сервер оларды нақты уақыт режимінде талдап, жолдағы жағдайға қарай бағдаршамдардың жұмысын өзгертеді. Қазіргі уақытта қаладағы 402 бағдаршам нысанының 354-і осы жүйеге қосылған. Бұл бүкіл бағдаршам желісінің 88 пайызын құрайды. Бүгінде жүйеге реанимациялық бес жедел жәрдем көлігі қосылған. Дәл осы көліктер ең ауыр және бірінші санаттағы шұғыл шақыртуларға шығады. Мұндай жағдайларда әр минут шешуші рөл атқарады. Жедел жәрдем көлігі шақыртуға шыққан кезде жүйе оның бағытын автоматты түрде анықтап, көлік жеткенше сол бағыттағы бағдаршамдарды алдын ала жасыл түске ауыстырады", – дейді Иван Шаповалов.

Болашақта басқа да жедел қызметтер қосылады

Алдағы уақытта бұл интеллектуалды көлік жүйесіне өрт сөндіру қызметі; газ апаттық қызметі; құтқару бөлімшелері; басқа да жедел қызметтер қосылады деп жоспарланып отыр.

Жүйенің нәтижесі қандай

Мамандардың айтуынша, жаңа жүйе енгізілгеннен кейін қала ішінде жүрудің орташа уақыты 20 пайызға қысқарған; жолдағы кептелістер азайған; көлік ағыны қаланың барлық көшелеріне біркелкі бөлінетін болған.

"Интеллектуалды көлік жүйесі көлік ағынын дұрыс ұйымдастыруға көмектеседі. Соның арқасында кептеліс азайып, жүргізушілердің жолда өткізетін уақыты қысқарды", – деді Иван Шаповалов.

Қаланың барлық бағдаршамдары бақылауда

Қазіргі уақытта Шымкенттегі барлық бағдаршамдардың жұмысы диспетчерлік орталықтағы мониторларда нақты уақыт режимінде көрсетіліп тұрады. Операторлар бірнеше ауысыммен тәулік бойы жолдағы жағдайды бақылап отырады.

Шымкентте ақылды бағдаршамдар жедел жәрдем көліктерінің негізгі көмекшісіне айналды , сурет - Zakon.kz жаңалық 07.07.2026 15:04

Сурет: Иван Шаповалов

Олардың негізгі міндеті – көлік қозғалысының үздіксіз жүруін қамтамасыз ету және кептелістердің алдын алу. Мамандардың пікірінше, интеллектуалды көлік жүйесінің енгізілуі – Шымкентті цифрландырудағы маңызды қадамдардың бірі. Заманауи технологиялар жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыруға, жол жүру уақытын қысқартуға және қаланы "Ақылды қала" (Smart City) деңгейіне жақындатуға мүмкіндік беріп отыр.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: