"Бұл не?": Жол бойындағы ерекше құрылғылар жүргізушілерді алаңға салды
Сурет: Telegram/qazavtojol
Ұлттық компания жолдарда "ақылды" камералар сынақтан өтуде екенін атап өтті.
"Бұл – "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы жол саласын цифрландыру аясында енгізіп жатқан жасанды интеллект элементтері бар жаңа бейнеаналитика жүйесі. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл – республикалық автожолдардағы жағдайды тәулік бойы бақылап, ықтимал оқиғаларға жедел әрекет етуге көмектесетін заманауи камералар",- делінген ақпаратта.
Белгілі болғандай, жүйенің басты ерекшелігі – автономды жұмыс істеуі. Яғни құрылғылар әдеттегі инфрақұрылым жоқ шалғай жол учаскелерінде де қызмет ете алады. Ол үшін камералар күн панельдерімен және жел генераторларымен жабдықталады. Құрылғылар күн мен желден қуат алып, жолдағы жағдайды нақты уақыт режимінде бақылап, деректерді тиісті қызметтерге жеткізеді.
Жасанды интеллект жолдағы ықтимал қауіпті жағдайларды анықтауға мүмкіндік береді. Мәселен, жүйе жүру бөлігінде жаяу жүргіншінің немесе жануардың пайда болуын, қарсы бағытқа шығуды, артқа жүруді, тұрақ ережесін бұзуды тіркей алады. Сонымен қатар көліктің мемлекеттік нөмірін, маркасын және түсін тану мүмкіндігі бар.
"Қазавтожол" ҰҚ" АҚ жобаның негізгі мақсаты – жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру екенін жеткізді. Қауіпті жағдай неғұрлым ерте анықталса, жол қызметтері де соғұрлым тез ақпарат алып, тиісті шара қабылдай алады.
Пилоттық жоба қазірдің өзінде "Алматы – Қонаев" ақылы учаскесінде сынақтан өтіп жатыр. Мұнда жабдықтардың және автономды инфрақұрылымның жұмысы тексерілуде. Сонымен қатар ұзындығы 134 шақырым болатын "Астана – Теміртау" учаскесінде де жұмыстар жүргізілуде. Аталған бағытта тіректер орнатылып, камералар, күн панельдері, жел генераторлары және дерек беру жабдықтарын монтаждауға дайындық жасалып жатыр.
Бұдан бөлек, "Астана – Щучинск" учаскесінде де дайындық жұмыстары қолға алынған. Мұнда байланыс инфрақұрылымы мен жабдықтарды орналастыруға арналған негіздер әзірленуде.
"Алдағы уақытта мұндай құрылғылар автомобиль жолдарын мониторингтеудің бірыңғай интеллектуалды жүйесінің бір бөлігіне айналады. Бұл жүйе қауіпті жағдайларды автоматты түрде анықтауға, жол қызметтерінің әрекет ету жылдамдығын арттыруға және республикалық автожолдардағы сапар қауіпсіздігін күшейтуге мүмкіндік береді. Сондықтан жол бойынан камерасы, күн панелі мен жел генераторы бар ерекше құрылғыны байқасаңыз, таңғалмаңыз. Бұл – жолды бақылап тұрған "темір күзетші" емес, сапарыңыздың қауіпсіз болуына көмектесетін жаңа цифрлық жүйенің бір бөлігі",- деп қорытындылады ұлттық компания.
Бұған дейін Шымкентте ақылды бағдаршамдар жедел жәрдем көліктерінің негізгі көмекшісіне айналғанын жазғанбыз.
