Астанада Сығанақ көшесінің бір бөлігі бір аптаға кезең-кезеңімен жабылады
Фото: pixabay
Астана қаласы әкімдігінің мәліметінше, 2026 жылғы 9-16 шілде аралығында Сығанақ көшесінің Қабанбай батыр даңғылынан "Арыс" көпіріне (М-3) дейінгі бөлігінде жол жамылғысының үстіңгі қабатын төсеу жұмыстары жүргізіледі.
Осыған байланысты аталған учаскеде қозғалыс кезең-кезеңімен шектеледі.
Әкімдік өкілдерінің айтуынша, жөндеу жұмыстары кезінде автокөлік қозғалысы жолдың бір бөлігі арқылы екі бағытта ұйымдастырылады.
"Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерден бағыттарын алдын ала жоспарлап, жол қозғалысын ұйымдастырудағы уақытша өзгерістерді ескеруді сұраймыз", – делінген әкімдік хабарламасында.
Айта кетейік, бұл Сығанақ көшесіндегі алғашқы шектеу емес. Бұған дейін, 2026 жылғы 2 шілдеде, Мәңгілік Ел даңғылындағы жолайрықтан Ақмешіт көшесіне дейінгі аралықта асфальтбетон жабынының үстіңгі қабатын төсеу жұмыстары жүргізілетіні хабарланған болатын. Сол кезде де көлік қозғалысы жолдың бір бөлігімен екі бағытта ұйымдастырылған еді.