Қазақстандық оқушылар Гонконгте робототехника жарысында топ жарды
Сурет: Telegram/oqu_agartu
Биылғы чемпионатқа әлемнің 30-дан астам елінен 120 үздік команда, 900-ден астам оқушы қатысты. Халықаралық білім беру және робототехника саласындағы беделді алаңдардың біріне айналған жарыста Алматы қаласынан қатысқан екі команда жүлделі орындарға ие болды.
PhysTech School Almaty мектебінің "PEAK" командасы чемпионаттың ең жоғары марапаттарының бірі – 1st Runner-Up атағын жеңіп алды. Сонымен қатар команда ең инновациялық көрме аймағы үшін берілетін Most Innovative Booth Award арнайы жүлдесімен марапатталды. Robot Game санатында 6-орын иеленіп, әлемнің үздік командаларының қатарына енді.
Команда құрамында Бектемиров Ерасыл, Хегай Виктор, Орман Ануар, Пак Ильсон, Хайрулла Айкен және Стяжкина Тамина болды. Команданың жаттықтырушысы – Берікпол Мақсат Асқарұлы.
Ал "Future Axions 218" командасы Invitational санатында 2nd Runner-Up нәтижесін көрсетіп, халықаралық командалар арасында екінші орынға ие болды.
Команда құрамында №218 келешек мектебінің оқушылары Заманбек Ринат пен Қалиасқар Іңкәр, сондай-ақ №24 лицейдің оқушылары Тұрсын Медина Сәбитқызы мен Тұрсынбек Әдия Жанболатқызы өнер көрсетті. Команданың менторы – Қарағол Бақкелді Бегжанұлы.
Қазақстандық оқушылардың халықаралық деңгейдегі бұл жетістігі елімізде STEM-білім беру мен робототехника бағытын дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстардың нәтижесін көрсетеді. Бүгінде мектептерде робототехника кабинеттері ашылып, инженерлік және цифрлық дағдыларды дамытуға бағытталған білім беру бағдарламалары кеңінен енгізілуде.
Оқушылардың халықаралық жарыстардағы табыстары олардың жоғары дайындық деңгейін, шығармашылық және инженерлік ойлау қабілеттерін айқындап, қазақстандық білім беру жүйесінің әлеуетін халықаралық деңгейде танытуға мүмкіндік береді.