Алматыда аптап ыстықтың басталуымен жедел жәрдем шақыру саны артты
Сурет: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Дәрігерлердің айтуынша, жоғары температура әсіресе қарт адамдар, балалар, жүкті әйелдер және созылмалы ауруы бар науқастар үшін аса қауіпті.
Алматы қалалық Жедел медициналық жәрдем қызметі директорының міндетін атқарушы орынбасары Азамат Құрманбековтің айтуынша, ыстық күндері жүрек-қан тамырлары жүйесіне түсетін жүктеме айтарлықтай артады. Ауа температурасының жоғары болуы қан қысымының күрт көтерілуіне, жүрек ырғағының бұзылуына, ентігуге, сондай-ақ миокард инфаркті мен инсульт қаупінің артуына себеп болуы мүмкін.
Тек шілде айының алғашқы екі аптасында жедел жәрдем қызметіне 33,6 мыңнан астам шақырту түскен. Оның ішінде шамамен 1,5 мыңы артериялық қысымның жоғарылауына байланысты болса, тағы 300-ден астамы жүрек-қан тамырлары ауруларына, соның ішінде жүректің ишемиялық ауруы мен жедел миокард инфарктіне қатысты болған. Бұдан бөлек, ми қан айналымының жедел бұзылысына ұшыраған 50-ге жуық науқас шұғыл түрде қалалық ауруханаларға жеткізілген.
Алдыңғы кезеңмен салыстырғанда, күн өту салдарынан жедел жәрдем шақыруды қажет еткен жағдайлар екі есе көбейген.
Басқарма мамандарының айтуынша, аптап ыстық ағзаның сусыздану қаупін, тағамнан улану, ішек инфекцияларының таралу ықтималдығын арттырып, маусымдық аллергия белгілерін күшейтеді. Сондықтан созылмалы ауруы бар азаматтарға денсаулығына ерекше көңіл бөлу керек. Олар дәрігердің нұсқауларын қатаң сақтап, дәрі-дәрмектерін уақытылы қабылдап, қан қысымы мен қандағы қант деңгейін тұрақты бақылап, қызып кетуден сақтанып, жоспарлы медициналық тексеруді өткізіп алмауы қажет.
Алматы қаласының емханалары созылмалы ауруы бар науқастарды диспансерлік бақылауды жалғастырып, оларды қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіп, денсаулық жағдайына тұрақты мониторинг жүргізуде. Егер адамның жағдайы нашарласа, асқынуды күтпей, уақытылы учаскелік дәрігерге қаралған жөн.
Дәрігерлер мүмкіндігінше сағат 11:00-ден 17:00-ге дейін күннің тікелей сәулесінде жүрмеуге, табиғи матадан тігілген жеңіл киім, бас киім және күннен қорғайтын көзілдірік киюге кеңес береді.
Сондай-ақ, сұйықтықты жеткілікті мөлшерде ішу өте маңызды. Медициналық қарсы көрсетілім болмаса, ересектерге тәулігіне кемінде 2 литр су ішу ұсынылады. Сонымен қатар алкогольді ішімдіктерді, тәтті газдалған сусындарды және кофені шамадан тыс тұтынуды шектеу қажет.
Егер адамның басы қатты ауырып, басы айналса, әлсіздік, жүрек айну, сананың шатасуы, дене қызуының көтерілуі немесе есінен тану белгілері байқалса, оны дереу салқын жерге апарып, денесін салқындату шараларын жасап, аз-аздан су беріп, жедел медициналық жәрдем шақыру қажет.
Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы қарапайым сақтық шараларын сақтау және уақытылы медициналық көмекке жүгіну аптап ыстық кезінде денсаулыққа төнетін қауіп-қатерді азайтуға көмектесетінін еске салады.