Алматыдағы LRT құрылысы кезінде асфальт астынан тарихи трамвай рельстері табылды
Сурет: pixabay
Бұл жаңалықты 15 шілдеде Instagram желісінде журналист, актер әрі сценарист Константин Козлов бөлісті.
"Кеше кешке көз алдымда нағыз қазына табылды. Тарих пен өлкетануға қызығатын адам ретінде бұл мен үшін үлкен олжа. Сөйтсем, 1930-1960 жылдардағы трамвай рельстері осы уақытқа дейін асфальт пен қиыршық тастың астында жатқан екен. Олар LRT құрылысы кезінде анықталды. Біз байқамай жүрген жерлерде тағы қанша тарихи жаңалық жасырынғанын кім білсін!" – деп жазды ол.
Константин Козловтың айтуынша, тарихи рельстер Төле би көшесінің Желтоқсан мен Абылай хан көшелерінің арасындағы учаскесінен табылған. Оның сөзінше, дәл осы жерде өткен ғасырдың 30–60-жылдары ескі трамвай бағыты жүрген.
Әлеуметтік желі қолданушылары бұл олжаға қызығушылық танытып, тарихи рельстерді сақтап қалуды ұсынды.
Олардың әрі қарайғы тағдырына қатысты сұрақпен редакция Алматы қаласының әкімдігіне жүгінген.
Еске салайық, Алматыда LRT құрылысы аясында Төле би көшесіндегі трамвай рельстерін демонтаждау жұмыстары көктемнің соңында басталған болатын. Жеңіл рельсті көліктің бірінші кезеңі Момышұлы көшесі – Төле би көшесі – Абылай хан даңғылы – "Алматы-2" теміржол вокзалы бағытымен өтеді.
Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарына байланысты қала көшелерінде көлік қозғалысына уақытша шектеулер енгізіліп, кептелістер байқалуда.