Алматыда арықтарды бетон плиталармен жабуға қатысты экологиялық тексеріс жүргізіліп жатыр

Арык, арыки, арычная система, сурет - Zakon.kz жаңалық 15.07.2026 13:04 Фото: Zakon.kz
Алматыда арықтарды бетон плиталармен жабуға байланысты тұрғындардың шағымынан кейін экологиялық мониторинг пен зерттеу басталды. Бұл туралы 15 шілдеде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы қаласы бойынша Экология департаментінің басшысы Дінмұхамед Лесбеков мәлімдеді.

Баспасөз мәслихатында журналистер алматылықтардың арықтарды бетон плиталармен жабуға қарсы петиция жариялағанын айтты. Тұрғындардың пікірінше, мұндай шешім ағаштардың өсуіне кері әсер етіп, жауын-шашын және ағынды сулардың жолға шығуына себеп болуы мүмкін.

Осыған байланысты Экология департаментінің басшысынан бұл шешімнің қоршаған ортаға ықпалы зерттеліп жатқан-жатпағаны сұралды.

"Бұл шешімді Алматы қаласының әкімдігі қабылдады. Әкімдіктің мәліметінше, арықтардың барлығы емес, тек 10-15 пайызы ғана жабылады. Қазіргі уақытта бұл бастаманың экологияға әсері туралы нақты қорытынды жасай алмаймын. Петиция жарияланғаннан кейін біздің мамандар осы мәселе бойынша мониторинг пен зерттеу жұмыстарын бастап кетті. Зерттеу нәтижелері бойынша сіздерге ресми ақпарат ұсынамыз", – деді Дінмұхамед Лесбеков.

Сондай-ақ спикерден арықтарды жабудың экологияға ықпалы туралы жеке пікірін білдіру сұралды.


"Егер арық жүйесінің барлығы бетон плиталармен жабылатын болса, онда белгілі бір деңгейде экологияға елеулі зиян келуі мүмкін еді. Алайда әкімдіктің ақпараты бойынша тек 10-15 пайызы ғана жабылады. Бұл, негізінен, қоғамдық орындардағы тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған", – деді ол.

Экология департаментінің басшысы аталған мәселе ведомствоның тұрақты бақылауында болатынын айтып, мониторинг пен зерттеу аяқталғаннан кейін оның қорытындылары жұртшылыққа жарияланатынын жеткізді.

Еске салайық, бұған дейін Алматының бірқатар көшелерінде арықтарды бетон плиталармен жабу жұмыстары жалғасып жатқаны хабарланған болатын. Бұл шешім әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқыланып, тұрғындардың наразылығын тудырған еді. Ал 7 шілдеде Алматы қаласының әкімдігі арықтарды жабу жұмыстарына қатысты ресми түсініктеме берген болатын.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: