Атырау облысы әкімі лауазымына Болат Ақшолақовтан өзге кім үміткер болды
Сурет: primeminister.kz
Президенттің тапсырмасы бойынша Олжас Бектенов пен Роман Скляр Атырау облысының активіне өңірдің жаңа әкімін таныстырды
Мәслихат депутаттарының жиналысына дейін Роман Скляр депутаттарға Президенттің Атырау облысының әкімі лауазымына екі кандидатты "KAZENERGY" Қазақстан мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдарының қауымдастығы" ЗТБ төрағасы қауымдастығының төрағасы Болат Ақшолақов пен Атырау облысы әкімінің орынбасары Дарын Шамұратовты ұсыну туралы хатын оқыды.
Ашық дауыс беру қорытындысы бойынша 101 депутаттың 83-і Болат Ақшолақовқа дауыс берді. 18 депутат Дарын Шамұратовтың кандидатурасын қолдады.
Облыс активімен кездесуде Премьер-министр өңірді төрт жыл басқарған Серік Шәпкеновке облыстың дамуына қосқан үлесі үшін алғысын білдірді. Артынша, Атырау облысының жаңа әкімі – Болат Ақшолақовты таныстырды.
Олжас Бектенов Мемлекет басшысының Атырау облысына жасаған сапары барысында берген тапсырмаларының, оның ішінде экологиялық жағдайды жақсарту, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту және қалалық ортаны дамыту жөніндегі тапсырмаларының сапалы орындалуын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. Өңдеу өнеркәсібі, туризм, IT және креативті индустрия салаларын дамыту арқылы өңір экономикасын әртараптандыру негізгі басымдықтар қатарында жатады.
Облыстың жаңа бас жоспарына сәйкес, орынсыз және заңсыз құрылысқа жол бермеу үшін пәрменді шаралар қабылдау, аумақтарды абаттандыру, көгалдандыру және қоғамдық кеңістіктердің ұлғаюына назар аудару жүктелді.
Сондай-ақ Атырау облысының жол-көлік жүйесін дамыту міндеті қойылды. Жылу электр орталығын газға көшіру, кәсіпорындар мен автокөліктерден шығатын зиянды қалдықтардың деңгейін бақылау, тозған инженерлік желілерді уақтылы жаңарту мәселелеріне ерекше назар аудару қажет.
Сонымен қатар, бүгін, мемлекет басшысының Жарлығымен Дастан Рыспеков Ұлытау облысының әкімі лауазымынан босатылды.
