Қазақстандықтарға пойызға алып жүруге тыйым салынған заттар ескертілді
Фото: Zakon.kz/Павел Михеев
Пойызбен сапарға шығатын жолаушылар кейде кейбір заттарды алып жүруге тыйым салынғанын білмей, оларды жүгінің арасына салып жатады. Осыған байланысты "Жолаушылар тасымалы" АҚ теміржол көлігінде алып жүруге болмайтын заттардың тізімін еске салды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Компания жолаушылардың уақытын үнемдеп, қолайсыз жағдайлардың алдын алу үшін арнайы жадынама жариялады.
Сонымен қатар Қазақстан заңнамасына сәйкес, қауіпті немесе тыйым салынған заттарды алып өтуге әрекет жасау қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатыны ескертілді.
Пойызға алып жүруге тыйым салынған заттар:
- жарылғыш құрылғылар, жарылғыш заттар және пиротехникалық бұйымдар (салют, отшашу және өзге де жарылыс қаупі бар заттар);
- радиоактивті және есірткі заттары, тез тұтанатын сұйықтықтар мен заттар, оның ішінде бензин, метил эфирі, метанол;
- тез тұтанатын қатты заттар;
- сұйық немесе қатты күйдегі улы, күшті әсер ететін және уландырғыш заттар;
- инфекциялық немесе биологиялық қауіпті материалдар, сондай-ақ олардың құрамындағы заттар мен бұйымдар;
- атыс қаруының барлық түрі, оның ішінде лақтырылатын, электрлік, механикалық, аралас, ұңғысыз травматикалық және газды қарулар, сондай-ақ соққы беруге арналған заттар, қылыштар, семсерлер, сапылар, ятағандар, палаштар, шпагалар, сүңгілер, қанжарлар, кортиктер, стильеттер, кастеттер мен кистеньдер;
- атыс және газ қаруына арналған оқ-дәрілер, оның ішінде жауынгерлік, жарық-дыбыстық, травматикалық, бос және аңшылық патрондар.
"Пойызға мінер алдында жолаушылар вокзалдарда міндетті тексеруден өтеді. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ірі теміржол вокзалдарында рентген-телевизиялық қондырғылар, стационарлық және қол металл іздегіштер, сондай-ақ портативті детекторлар орнатылған", – деп хабарлады "Жолаушылар тасымалы" АҚ баспасөз қызметі.
Сондай-ақ вокзалдарда бейнебақылау, күзет және дабыл жүйелері жұмыс істейді. Бұдан бөлек, полиция қызметкерлері мен күзет қызметі тәулік бойы кезекшілік атқарады.
Еске салайық, бұған дейін қазақстандықтарға елдегі пойыздардың жай-күйіне қатысты шағымды қалай жолдауға болатыны туралы егжей-тегжейлі ақпарат берілген болатын.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript