Мұрат Әбенов ескі видеосын таратқандарға ескерту жасап, полицияға жүгінетінін мәлімдеді
Сурет: facebook/Мұрат Әбенов
Оның айтуынша, ескі видеоларды кейбір анонимді пабликтер Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің жұмысын негізсіз сынау үшін пайдаланып отыр.
"Қазіргі уақытта кейбір анонимді пабликтер ҚР Қаржы реттеу және дамыту агенттігінің жұмысын ретсіз сынға алу мақсатында менің бір жыл бұрынғы бейнежазбаларымнан үзінділерді пайдаланып жатыр. Бұл жағдайдың ақпараттық шабуыл мен қоғамдық пікірді манипуляциялау белгілері бар деп есептеймін. Сондықтан азаматтарды мұндай жарияланымдарға сенбеуге шақырамын және осындай материалдарды таратушыларға заң алдындағы жауапкершілікті еске салғым келеді. Ертен полицияға арыз-шағым беремін", – деп жазды депутат.
Әбенов 2023 жылдан бері Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің жұмысын бірнеше рет сынға алғанын жасырмады. Алайда, оның айтуынша, бұл сын азаматтарды алаяқтық несиелерден қорғауға және заңнаманы жетілдіруге бағытталған.
"Иә, 2023 жылдан бастап агенттіктің жұмысын оның басшысы Мәдина Әбілқасымованы бірнеше рет қатты сынағаным рас. Сынау мақсатым алаяқты несиелерді азайту, азаматтардың құқығын қорғау, банкілердің жауапкершілігін арттыру – Ол үшін заңдарға арнайы өзгеріс жасауға Агетенттіктің келісімдерін алу. Басында агенттік келіспей, өз уәждерін айтты. Кейін менің дәлелдерімді ескеріп, көпшілік азаматтардың шағымдарын талдап барлық ұсыныстарымызды қабылдады. Сондай келісімді серкіктестік жұмыс арқасында барлығы 6 заңға 60 астам нақты өзгеріс енгіздік", – деді ол.
Депутаттың мәліметінше, кейінгі өзгерістердің бір бөлігі биыл күшіне енген.
"Ең соңғылары 3 сәуір күшіне енді және 30 маусымда Президент қол қойып, есепшотты бұғаттауды шектеу бойнша нотариустарға және ЧСИ ларға қатаң талаптар қыркүйекте күшіне енеді", – деп жазды Мәжіліс депутаты.
Сонымен қатар, ол қазіргі таңда агенттікпен нәтижелі ынтымақтастық орнағанын атап өтті.
"Казіргі кезде менде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен сындарлы әрі нәтижелі өзара іс-қимыл қалыптасты. Соңғы жылдары біз бірлесіп қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейтуге және қаржылық алаяқтықтың алдын алуға бағытталған маңызды заңнамалық бастамаларды жүзеге асырдық", – деді Мұрат Әбенов.
Оның айтуынша, қабылданған заңнамалық өзгерістердің нәтижесінде несие алудан ерікті түрде бас тарту тетігі, онлайн-кредит рәсімдеу кезіндегі қорғаныс механизмдері, "салқындату кезеңі", электрондық цифрлық қолтаңба мен биометриялық сәйкестендіру, алаяқтықпен рәсімделген несиелерді тоқтату және есептен шығару, сондай-ақ Ұлттық банктің Антифрод орталығы сияқты бірқатар жаңашыл тетіктер енгізілген.
Мұрат Әбенов ақпаратты бұрмалау мен қоғамдық пікірді манипуляциялауға бағытталған әрекеттерді қауіпті деп бағалап, мұндай жарияланымдардың авторларын заң талаптарын сақтауға үндеді.