ДСМ Қазақстан бойынша ауқымды тексеру жүргізетінін хабарлады: оған кімдер ілігеді

ДСМ Қазақстан бойынша ауқымды тексеру жүргізетінін хабарлады: оған кімдер ілігеді , сурет - Zakon.kz жаңалық 27.07.2026 13:13 Сурет: Telegram/DenMinPR
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ел аумағындағы барлық перинаталдық орталықтарға ауқымды тексеру жүргізеді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл туралы бүгін, 2026 жылғы 27 шілдеде ведомствоның баспасөз қызметі мәлімдеді.

"Денсаулық сақтау министрі 15 тамызға дейін еліміздегі босандыру қызметін көрсететін барлық 69 медициналық ұйымда ауқымды тексеру жүргізуді тапсырды. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті инфекциялық бақылау талаптарының сақталуын бағалап, аналар мен жаңа туған нәрестелердің қауіпсіздігін барынша қамтамасыз етуге және ауруханаішілік инфекциялардың алдын алу шараларын күшейтуге назар аударады".

Тиісті тапсырмалар Денсаулық сақтау министрлігінде медициналық ұйымдардағы инфекциялық бақылау жүйесін жетілдіруге арналған аппараттық кеңес барысында берілді.

Белгілі болғандай, тексерулердің мақсаты – санкциялар санын арттыру емес, тәуекелдердің алдын алу және оларды жою, сондай-ақ босандыру қызметін көрсететін ұйымдардағы медициналық көмектің сапасын арттыру.

"Инфекциялық бақылау жүйесінің басты міндеті – салдармен күресу емес, тәуекелдердің алдын алу. Инфекцияның әрбір жағдайы кәсіби тұрғыдан жан-жақты талданып, пациенттердің қауіпсіздігін арттыруға бағытталған нақты шешімдер қабылдауға негіз болуы тиіс. Ашық әрі объективті көзқарас қана медициналық көмектің сапасын жетілдіруге мүмкіндік береді", – деп атап өтті Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.

Кеңес қорытындысы бойынша министр инфекция жағдайларын тергеп-тексеру тәсілдерін қайта қарауды, профилактикаға басымдық бере отырып санитариялық қағидалар мен мемлекеттік бақылаудың тексеру парақтарын жаңартуды, сондай-ақ инфекцияның әрбір жағдайының туындау себептеріне объективті баға беруді тапсырды. Бұл еліміздегі инфекциялық бақылау жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған.

Сонымен қатар өңірлік денсаулық сақтау басқармаларына медициналық ұйымдарды дезинфекция және зарарсыздандыру жұмыстарын жүргізуге қажетті ресурстармен, жеке қорғаныш құралдарымен, заманауи жабдықтармен және бір реттік шығыс материалдарымен қамтамасыз ету, сондай-ақ медицина қызметкерлерін инфекциялық бақылау мәселелері бойынша жүйелі оқытуды ұйымдастыру тапсырылды.

"Антибиотиктерге төзімділік мәселесіне де ерекше назар аударылды. Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті бактерияға қарсы препараттарды рецептімен босату талаптарының сақталуына бақылауды күшейтеді. Себебі антибиотиктерді ұтымды пайдалану микроорганизмдердің емге төзімділігінің алдын алудың маңызды құрамдас бөлігі болып табылады". ҚР Денсаулық сақтау министрлігі

Тексеру қорытындылары бойынша әрбір өңірде инфекциялық бақылау жүйесін одан әрі жетілдіруге арналған жол карталары бекітіледі.

"Айта кету керек, медициналық көмек көрсету барысында туындайтын инфекциялардың алдын алу медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігінің негізгі көрсеткіштерінің бірі болып қала береді. Қабылданған кешенді шараларды іске асыру аналар мен жаңа туған нәрестелердің қорғалу деңгейін арттыруға, инфекциялық бақылау жүйесін нығайтуға және азаматтардың отандық денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімін күшейтуге мүмкіндік береді". ҚР Денсаулық сақтау министрлігі

Бұған дейін жедел жәрдем қызметкеріне күш көрсеткен қазақстандық түрмеге тоғытылғанын жазғанбыз.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: