Қазақстандықтарға Wildberries-тен тауарға тапсырыс берген жөн бе
Фото: pexels
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев 2026 жылғы 4 тамызда Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында Wildberries ірі маркетплейсіне қатысты жағдайға түсініктеме берді, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.
Журналистер министрден қазақстандықтарға осы маркетплейстен тауарға тапсырыс беруге бола ма деп сұрады.
"Барлық кәсіпкерге берілетін негізгі кеңес – қазіргі жағдайды ескере отырып, тәуекелдерді бағалау. Белгілі бір платформа немесе маркетплейсті таңдағанда кәсіпкер тауардың бағасы мен сапасын, сондай-ақ жеткізу жылдамдығын салыстыруы керек. Сонымен қатар мен әрдайым отандық маркетплейстерді пайдалану қажет екенін айтып келемін", – деді Арман Шаққалиев.
Министр қазақстандықтарға қазіргі логистикалық бағыттарды, қалыптасқан жағдайды және тауар жеткізу кезінде туындауы ықтимал тәуекелдерді ескере отырып, ең қолайлы жеткізу жолдары мен маркетплейстерді таңдауға кеңес берді.
"Ең бастысы – тауардың уақтылы әрі кепілді түрде жеткізілуін қамтамасыз ететін бағыттарды таңдау. Әрине, сатып алушылар тауардың бағасына қарайды. Алайда нарықтағы бағадан едәуір төмен баға әрдайым күмән тудырады. Оның себебін және қандай салдары болуы мүмкін екенін анықтау қажет. Сондықтан таңдау жасағанда мұқият болған жөн. Сондай-ақ патриоттық танытып, тауарды мүмкіндігінше отандық сауда алаңдарынан сатып алуға тырысу керек. Ең маңыздысы – өнімнің міндетті түрде жеткізілетініне сенімді болу", – деп толықтырды ол.
Арман Шаққалиев Wildberries компаниясынан Қазақстан аумағында қойма орналастыру жөнінде ресми ұсыныс түспегенін де айтты.
"Ресми өтініш жоқ, бізге әлі түскен жоқ. Егер түссе, оны белгіленген тәртіппен қараймыз. Wildberries-тің жергілікті филиалын дамыту жоспары бұған дейін жарияланған болатын. Компания Алматыда ауданы шамамен 160 мың шаршы метр болатын қойма салып жатыр. Оны келесі жылдың бірінші тоқсанында іске қосу жоспарланған. Сондай-ақ Астанада ауданы 100 мың шаршы метрге жуық қойманың құрылысы 2027 жылдың бірінші тоқсанына жоспарланып отыр", – деп қорытындылады министр.
2026 жылғы 29 шілдеде Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігі Wildberries қойма кешенінің ел аумағына көшірілуі мүмкін деген ақпаратқа қатысты ресми түсініктеме берген еді.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript