Соңғы күндердегі аптап ыстық пен нөсер жауын егінге қалай әсер етті

Зерно, пшеница, посев, сельское хозяйство, сбор зерна, урожай, развитие сельского хозяйства, поля, поле, животноводство, сурет - Zakon.kz жаңалық 04.08.2026 16:47 Фото: Zakon.kz
ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов 2026 жылғы 4 тамызда Үкіметтегі баспасөз мәслихатында биылғы егін жайлы алдын ала болжаммен бөлісті, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Журналистер Қазақстанда соңғы күндері аптап ыстықтың нөсер жаңбырмен алмасып жатқанын айтып, мұндай ауа райының ауыл шаруашылығы өнімдеріне қаншалықты әсер етуі мүмкін екенін сұрады.

Азат Сұлтановтың айтуынша, елдегі негізгі көкөніс дақылдары суармалы жерлерде өсіріледі. Сондықтан олардың өнімділігі ең алдымен су қорының жеткілікті болуына байланысты.

"Негізгі көкөніс дақылдары суармалы алқаптарда өсіріледі. Сондықтан өнім көлемі көбіне су балансына тәуелді. Мысалы, картоп көп өсірілетін Павлодар облысы трансшекаралық өзендерге тәуелді емес. Сол себепті ол өңірде қандай да бір күтпеген қиындықтар болады деп ойламаймыз. Картопты жаппай жинау жұмыстары келесі айда басталады. Қазіргі болжам бойынша биыл картоп өнімі 2,5–2,6 миллион тонна шамасында болады. Бұл ішкі нарықтың қажеттілігін толық қамтамасыз етуге жеткілікті. Ал көкөніс өнімдерінің жалпы көлемі шамамен 3,5 миллион тонна болады деп күтілуде", – деді вице-министр.

Астық дақылдарына тоқталған Азат Сұлтанов Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында егіннің жақсы шығуы күтіліп отырғанын айтты. Сонымен бірге Ақмола облысының бірқатар аудандары атмосфералық құрғақшылықтың әсеріне ұшыраған.

"Павлодар облысындағы егістік алқаптарына қатысты да белгілі бір мәселелер бар. Себебі ол жақта ұзақ уақыт жауын-шашын болмады. Жақында ғана жаңбыр жауды. Енді жағдай тұрақтанады деп үміттенеміз", – деді ол.

Вице-министрдің айтуынша, майлы дақылдардың да биылғы өнімі жақсы болады деген болжам бар.

"Жалпы майлы дақылдардың түсімі жақсы болады деп күтіп отырмыз. Табыстылығы жоғары дақылдардың есебінен шаруалар күз қорытындысында жақсы пайда табады деген болжамдамыз. Осы жорамалдар толық орындалады деп сенеміз", – деп түйіндеді Азат Сұлтанов.

Бұған дейін Қазақстан астық экспорттайтын елдердің қатарын кеңейтуде екенін жазғанбыз.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: