Қазақстанның Бас прокуроры жасанды интеллект саласындағы танымал сарапшымен кездесті

Қазақстанның Бас прокуроры жасанды интеллект саласындағы танымал сарапшымен кездесті, сурет - Zakon.kz жаңалық 05.08.2026 14:19 Сурет: ҚР Бас прокуратурасы
ҚР Бас прокуроры Берік Асылов жасанды интеллект саласындағы әлемге әйгілі сарапшы Кай-Фу Лимен жұмыс кездесуін өткізді. Іс-шараның басты тақырыбы IT-мамандар емес, прокуратура қызметкерлерінің өздері әзірлеген алғашқы цифрлық жасанды интеллект құралдарының таныстырылымы болды.

Ведомство мәліметінше, 20-дан астам прокурор дәстүрлі бағдарламалау дағдыларынсыз жасанды интеллект негізіндегі шешімдерді әзірлеуге мүмкіндік беретін озық Vibe Coding әдісі бойынша қарқынды оқудан өтті.

Кездесу барысында қадағалау органының басшысы мен доктор Кай-Фу Лиге екі пилоттық өнім таныстырылды:

  • Тергеушінің ЖИ-көмекшісі (қылмыстық схемалар генераторы) – қылмыстық істер бойынша мәтіндік анықтамаларды автоматты түрде талдап, бірнеше секунд ішінде көрнекі схемалар құрастыратын бірегей алгоритм. Жасанды интеллект қылмыстың мән-жайын өздігінен анықтап, қатысушылар арасындағы жасырын байланыстарды айқындайды және негізгі дәлелдемелерді жүйелейді. Парақорлық пен жалған шот-фактураларға қатысты істерде сынақтан өткен бұл құрал прокурорларды техникалық сипаттағы күнделікті жұмыстан босатып, уақытты айтарлықтай үнемдейді.
  • Үлкен деректердің ЖИ-талдаушысы – қылмыстық статистиканың бір жылдық көлемін небәрі 15 минут ішінде өңдей алатын жүйе. Нейрожелі құқық бұзушылықтардың түрлері мен демографиялық көрсеткіштерін көрнекі түрде бейнелейтін интерактивті дашбордтар қалыптастырады. Бұл шешім мемлекеттік деңгейде алдын алу шараларын қабылдау үдерісін түбегейлі жеделдетуге мүмкіндік береді.
"Бүгін біз Бас прокуратураның цифрлық жетілу деңгейінің жоғары екенін көріп отырмыз. Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитет он жыл ішінде қоғам игілігі үшін – азаматтарды алдын ала қорғау мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында пайдалануға болатын орасан зор деректер қорын жинақтады. Кодтың бірде-бір жолын жазбаған қызметкерлер адамның мүмкіндігінен әлдеқайда жоғары жылдамдықпен деректерді өңдей алатын өнімдер әзірлеуде", – деді Кай-Фу Ли таныстырылым барысында.

Кездесу қорытындысы бойынша прокурор-әзірлеушілерді одан әрі оқыту, сондай-ақ ведомство көлемінде жүйелі "ЖИ-қабатын" енгізу үшін басым пилоттық кейсті айқындау жөнінде уағдаластықтарға қол жеткізілді.

Жасанды интеллект саласындағы үздік шешімдердің авторы атанған прокурорларға алғыс хаттар табысталды.

"XXI ғасырда басты детектив алгоритмдер болады. Егер бұрын қылмыскерді саусақ ізі әшкерелесе, енді оны мінез-құлық моделі әшкерелейді. Біз ұрылардың, қарақшылардың және зорлық-зомбылық жасаушылардың күмәнді мінез-құлық үлгілерін анықтау үшін бейне ағындарды талдау мүмкіндігіне жақындап келеміз. Қылмыскер жүзін жасыра алады, бірақ өзінің мінез-құлқын жасыра алмайды. Осылайша қылмыстың алдын алу және жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз ету тетіктері күшейеді. Заңның алдын ала әрекет ету мүмкіндігі артады", – деп атап өтті Берік Асылов кездесуді қорытындылай отырып.

Бұған дейін ұйымдасқан қылмыстық топ автонесие бойынша алаяқтық схема ұйымдастырып, оған 100-ден астам азаматты тартқанын жазғанбыз.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: