Тоқаев Солтүстік Қазақстан облысының 90 жылдығымен құттықтады

Касым-Жомарт Токаев, президент Республики Казахстан, президент РК, глава государства , сурет - Zakon.kz жаңалық 07.08.2026 18:50 Фото: akorda.kz
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Қазақстан облысының құрылғанына 90 жыл толуына арналған салтанатты жиынға қатысушыларды құттықтады, хабарлайды Zakon.kz.

Президент өз құттықтауында Қызылжар өңірінің даму жолына тоқталып, облыстың ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп салаларындағы жетістіктерін атап өтті.

"Қазіргі таңда Солтүстік Қазақстан еліміздің астықты аймағының бірі саналады. Дихандарымыз егіншілік кәсіптің қыр-сырын меңгеріп, мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге зор еңбек сіңіріп жүр. Аймақта ауыл шаруашылығымен қатар өңдеу өнеркәсібі, машина жасау салалары қарқынды дамып келеді. Инвестициялық жобалар қолға алынып, өндіріс орындары іске қосылды. Мұның бәрі халықтың тұрмысын жақсартып, өңірдің одан әрі өркендеуіне ықпал ететіні анық", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Солтүстік Қазақстаннан елге танымал мемлекет және қоғам қайраткерлері, мәдениет пен әдебиет өкілдері, еңбек ардагерлері, спортшылар мен құқық қорғау саласының мамандары шыққанын атап өтті.

"Бұл өңірде күрделі кезеңде ел бірлігін сақтап, даналық пен көрегендік символына айналған әйгілі Абылай ханның ізі қалған. Солтүстік Қазақстаннан халқымызға, сондай-ақ бүкіл әлемге танымал мемлекет және қоғам қайраткерлері, мәдениет пен әдебиет саласының аса көрнекті өкілдері, еңбек ардагерлері, көптеген құрметті тұлғалар, әйгілі спортшылар мен құқық қорғау саласының білікті мамандары шықты", – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі өзгерістерге де тоқталып, Жаңа Конституцияның қабылдануына аймақ тұрғындарының белсенді қатысқанын айтты.

"Біз біртұтас әрі жасампаз ел ретінде ауқымды өзгерістерді табысты жүзеге асырып жатырмыз. Таяуда ғана ұлт дамуының темірқазығы саналатын Жаңа Конституциямыз заңды күшіне енді. Бас құжатта халқымыздың сан ғасырлық арман-мұраты мен келешекке бағдар болатын мызғымас құндылықтары нақты көрініс тапты", – деді ол.

Президент Солтүстік Қазақстан халқының ауызбіршілігін атап өтіп, өңірдің алдағы уақытта да дами беретініне сенім білдірді.

"Ата Заңды қабылдауға аймақ жұртшылығы да белсене қатысып, ауызбіршілік пен жауапкершіліктің озық үлгісін көрсетті. Облыста түрлі этнос өкілдері өзара құрмет пен достық дәстүрін сақтап, тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Берекелі өңір барлық жетістікке азаматтардың жасампаздық қуатының арқасында қол жеткізіп келеді. Сіздер алдағы уақытта да ел игілігін еселеуге атсалыса бересіздер деп сенемін", – деді Мемлекет басшысы.

Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындарына амандық пен табыс тілеп, өңірдің өркендей беруіне тілек білдірді.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: