Жезқазғанда сыбайлас жемқорлық пен интернет-алаяқтықтың алдын алуға арналған семинар өтті
Сурет: Ұлытау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Іс-шараның негізгі мақсаты – қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, сондай-ақ интернет-алаяқтықтың кең таралған тәсілдері мен одан қорғанудың тиімді жолдары туралы ақпарат беру.
Семинар барысында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департаменті Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының басшысы Жандарбек Азимханов сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, мемлекеттік қызмет саласындағы адалдық қағидаттары және құқықтық мәдениетті арттыру бағытында баяндама жасады.
Сонымен қатар Ұлытау облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің Превенция және талдау әзірлемелері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Орынбасар Қалекеев интернет-алаяқтықтың заманауи түрлері, қаржылық қауіпсіздік және азаматтардың алаяқтардың арбауына түсіп қалмауы үшін сақтауы тиіс негізгі қауіпсіздік шаралары туралы түсіндірді.
Іс-шарада цифрлық кеңістікте қауіпсіз әрекет ету үшін әр азамат сақтауға тиіс негізгі қағидаларға ерекше назар аударылды. Қатысушыларға бейтаныс адамдарға банк картасының деректерін, құпиясөздерді, SMS арқылы келетін растау кодтарын және жеке мәліметтерді беруге болмайтыны ескертілді.
Сондай-ақ күмәнді сілтемелерге өтпеу, белгісіз қосымшаларды орнатпау, өзін банк, құқық қорғау органы немесе мемлекеттік мекеме қызметкері ретінде таныстырған адамның сөзіне бірден сенбеу қажеттігі айтылды.
Мамандар алаяқтар көбіне азаматтарды асықтырып, қорқытып немесе оңай табыс ұсыну арқылы психологиялық қысым жасайтынын түсіндірді. Осындай жағдайда әңгімені дереу тоқтатып, ақпаратты тиісті ұйымның ресми байланыс арналары арқылы тексеру ұсынылды.
Семинар барысында қатысушыларға сыбайлас жемқорлықтың қоғам мен мемлекеттің дамуына тигізетін кері әсері, интернет кеңістігіндегі қауіп-қатерлер және жеке деректерді қорғау мәселелері бойынша маңызды ақпараттар берілді.
Бұдан бөлек, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екені атап өтілді. Қызметтік өкілеттікті жеке мүддеге пайдалануға, заңсыз сыйақы ұсынуға немесе алуға және таныстық арқылы мәселе шешуге жол бермеу құқықтық әрі әділетті қоғам қалыптастырудың басты шарттарының бірі саналады.
Семинар ұйымдастырушылары азаматтардың құқықтық сауаттылығы мен қаржылық сақтығын арттыру сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтып, интернет-алаяқтықтан келетін залалдың алдын алуға мүмкіндік беретінін жеткізді.
Қатысушыларға күмәнді әрекеттер мен құқық бұзушылық белгілері байқалған жағдайда үнсіз қалмай, уәкілетті мемлекеттік органдарға хабарласу қажеттігі түсіндірілді.
Мұндай кездесулер халық пен мемлекеттік органдар арасындағы сенімді нығайтып, заң талаптарын құрметтеу мәдениетін қалыптастыруға және қоғамдағы қауіпсіздік деңгейін арттыруға ықпал етеді.


