Миллиондаған қазақстандықтың деректері даркнетке тарап кетті ме: министрлік түсініктеме берді
Фото: pixabay
Бүгін, 2026 жылғы 12 тамызда Mash Telegram-арнасында мынадай ақпарат жарияланды:
"Хакер Қазақстанның 15 миллион тұрғынының деректерін даркнетте сатуға қойған. Бұл – ел халқының төрттен үш бөлігі. Сатушы деректер қорын eGov мемлекеттік сервисін бұзу арқылы алғанын мәлімдеді. Shymzz13 лақап атымен тіркелген қолданушы файлды 0,5 биткоинға, яғни шамамен 32 мың долларға бағалаған. Көлемі 2,7 гигабайт файлда паспорт деректері, телефон нөмірлері, электрондық пошта мекенжайлары, жұмыс орындары, құжаттардың көшірмелері мен құпиясөздер қамтылған 47 миллион жол бар".
Жағдайға түсініктеме берген министрлік қазір тиісті қызметтермен бірлесіп жарияланған ақпаратқа техникалық тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады. Оның аясында ұсынылған деректердің үлгілері талданып, олардың ықтимал шығу көзі анықталады.
"Қазіргі уақытта электрондық үкіметтің ақпараттық жүйелері бұзылып, аталған деректер қоры тікелей eGov жүйесінен алынды деген ақпарат расталған жоқ", – делінген ведомство хабарламасында.
Бұл ретте ведомство жарияланымдарда көрсетілген ақпараттың бір бөлігі электрондық үкімет деректерінің құрылымы мен форматына сәйкес келмейтініне назар аударды.
"Атап айтқанда, eGov жүйесінде паспорттардың сканерленген көшірмелері мәлімделген үлгіде сақталмайды, ал цифрлық құжаттардың форматы мүлде басқа. Даркнет қолданушысының деректер қорының шығу тегіне қатысты мәлімдемесін eGov жүйесінің бұзылғанын растайтын дәлел ретінде қарастыруға болмайды", – делінген Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің хабарламасында.
Ведомство техникалық тексеру жалғасып жатқанын, оның қорытындысы бойынша қосымша ақпарат берілетінін атап өтті.
"Министрлік азаматтарға цифрлық қауіпсіздіктің негізгі талаптарын сақтауды ұсынады: SMS-кодтарды, құпиясөздер мен электрондық цифрлық қолтаңба деректерін бөгде адамдарға бермеу, күмәнді сілтемелерге өтпеу және әртүрлі сервистер үшін бөлек құпиясөздер пайдалану қажет", – деп қорытындылады ведомствоның баспасөз қызметі.
Бұған дейін, 2026 жылғы 11 тамызда Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев фотосурет арқылы eGov жүйесіндегі дербес деректерге қол жеткізу мүмкіндігіне қатысты түсініктеме берген еді.