Қазақстандық банктер үшін жаңа қаржылық талаптар енгізілді
Фото: pexels
Құжатта әмбебап банк лицензиясы бар банктер міндетті түрде сақтауға тиіс пруденциялық нормативтер мен лимиттердің құрамына мыналар кіретіні көрсетілген:
- банктің жарғылық және меншікті капиталының ең төменгі мөлшері;
- меншікті капиталдың жеткіліктілік коэффициенті;
- бір қарыз алушыға шаққандағы тәуекелдің ең жоғары мөлшері;
- өтімділік коэффициенттері;
- өтімділікті өтеу және таза тұрақты қорландыру коэффициенттері;
- Қазақстан Республикасының бейрезиденттері алдындағы міндеттемелерге қатысты банктерді капиталдандыру;
- банк қаражатының бір бөлігін ішкі активтерге орналастыру коэффициенті;
- левередж коэффициенті;
- исламдық банк операцияларын жүзеге асыруға арналған бөлінген активтердің ең төменгі мөлшері;
- ашық валюталық позиция лимиттері;
- шығындарды сіңірудің (өтеудің) жалпы қабілетін қамтамасыз ететін құралдар бойынша міндеттемелердің ең төменгі мөлшері. Бұл – жаңа параметр.
Сонымен қатар шығындарды сіңірудің (өтеудің) жалпы қабілетін қамтамасыз ететін құралдар бойынша міндеттемелердің ең төменгі мөлшерін айқындайтын жаңа тарау қосылды.
Шығындарды сіңірудің (өтеудің) жалпы қабілетін қамтамасыз ететін құралдар бойынша міндеттемелердің ең төменгі мөлшерін есептеу талабы жүйелік маңызы бар банктерге қолданылады.
Шығындарды сіңірудің (өтеудің) жалпы қабілетін қамтамасыз ететін құралдарға "Банктер туралы" заңның 86-бабының 1, 2 және 3-тармақтарында белгіленген өлшемшарттарға сәйкес келетін қаржы құралдары, оның ішінде банктің меншікті капитал құралдары мен борыштық қаржы құралдары жатады.
Шығындарды сіңірудің (өтеудің) жалпы қабілетін қамтамасыз ететін құралдардың құрамына енгізуге арналған борыштық қаржы құралдары мынадай талаптарға сәйкес келуге тиіс:
Борыштық міндеттеме банктік салым (депозит) түрінде ресімделген жағдайда, банктік салым шартында оның шығындарды сіңірудің (өтеудің) жалпы қабілетін қамтамасыз ететін құралдардың құрамына енгізу мақсатында ресімделгені көрсетіліп, белгіленген талаптарға сәйкестігі туралы ереже қамтылуға тиіс.
Борыштық бағалы қағаздар шығарылған жағдайда, эмиссия проспектісінде олардың шығындарды сіңірудің (өтеудің) жалпы қабілетін қамтамасыз ететін құралдардың құрамына енгізу мақсатында шығарылғаны көрсетіліп, мұндай құралдардың белгіленген талаптарға сәйкестігі туралы ереже қамтылуға тиіс.
Шығындарды сіңірудің (өтеудің) жалпы қабілетін қамтамасыз ететін құралдар бойынша міндеттемелердің ең төменгі мөлшері (TLAC) кредиттік тәуекел дәрежесі бойынша мөлшерленген активтердің, шартты және ықтимал міндеттемелердің, сондай-ақ нарықтық және операциялық тәуекелдер ескеріле отырып есептелген активтердің, шартты және ықтимал талаптар мен міндеттемелердің жиынтық сомасын мынадай пайыздық мәндерге көбейту арқылы айқындалады:
- 2027 жылғы 1 қаңтардан 31 желтоқсанға дейін – 13%;
- 2028 жылғы 1 қаңтардан 31 желтоқсанға дейін – 14%;
- 2029 жылғы 1 қаңтардан 31 желтоқсанға дейін – 15%;
- 2030 жылғы 1 қаңтардан 31 желтоқсанға дейін – 16%;
- 2031 жылғы 1 қаңтардан 31 желтоқсанға дейін – 17%;
- 2032 жылғы 1 қаңтардан бастап – 18%.
Қаулы 2026 жылғы 23 тамыздан бастап қолданысқа енгізіледі.
Бұған дейін Қазақстанда банктің қаржылық тұрақтылығының нашарлау белгілері бекітілгені хабарланған болатын.
Сондай-ақ банктің өміршеңдігін бағалау қағидалары қабылданғаны туралы жазған едік.