Жарықтың өшуіне байланысты Алматы метросы жұмысын тоқтатты
Сурет: metroalmaty.kz
Алматы метрополитенінің баспасөз қызметінің мәліметінше, электр энергиясы толық қалпына келгенге дейін метро жұмыс істемейді.
"Метро станцияларындағы жарықтандыру мен желдету аккумуляторлардың резервтік қуатына қосылған. Электр пойыздарының қозғалысы сыртқы электрмен жабдықтау желісіндегі кернеу қалпына келгенге дейін тоқтатылады. Жолаушылар станциялар мен электр пойыздарынан эвакуацияланады", – деп хабарлады ведомство.
14 тамыз күні түсте Алматы мен Алматы облысында жарық жаппай өшті.
"KEGOC" АҚ-ға тиесілі әуе электр беру желілерінің апатты ажыратылуы салдарынан "Алатау Жарық Компаниясы" АҚ желілерінде апатқа қарсы автоматика іске қосылды. Сондай-ақ Шымкент пен Талдықорған тұрғындарынан да жарықтың үзілуіне қатысты шағымдар түсе бастады.
Бұдан бөлек, Қырғызстан мен Тәжікстанның кейбір қалаларында да электр энергиясы өшті.
Қазақстанның электр желілерінің ұлттық операторы "KEGOC" АҚ алдын ала жедел мәліметтер бойынша, технологиялық бұзушылыққа Орталық Азияның Біртұтас электр энергетикалық жүйесі тарапынан қуаттың рұқсатсыз берілуі себеп болғанын хабарлады.
