Алматы құтқарушылары тауға шығатын туристерге маңызды ескерту жасады

Республикалық жедел-құтқару жасағы «Барыс» РММ бөлімшесінің құтқарушысы , сурет - Zakon.kz жаңалық 17.08.2026 15:48 Сурет: rsk.almaty
2026 жылғы 17 тамызда Төтенше жағдайлар министрлігінің «Республикалық жедел-құтқару жасағы «Барыс» РММ бөлімшесінің құтқарушысы Павел Воскобойников Алматы тауларында қауіпті жағдайға тап болмау үшін не істеу керектігін айтып берді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Маманның айтуынша, шыңға көтерілуді көздейтін барлық бағыттарды қауіпті деп санаған жөн. Себебі туристер тас құлауы, мұздықтар, температураның күрт өзгеруі және арнайы тәжірибе мен жабдықты қажет ететін күрделі учаскелер сияқты қауіптерге тап болуы мүмкін. Құтқарушы әсіресе Аюсай шатқалы мен Күмбелсу шатқалының қауіпті екендігін айтты.

"Аюсай шатқалында үш сарқырама бар. Мұндай учаскелерден өту үшін арнайы жабдық қажет болуы мүмкін. Дайындығы жоқ туристердің ол жерге өздігінен баруына болмайды. Ал Күмбелсу шатқалы жалпы алғанда өтуге жарамсыз болып саналады", – деді Павел Воскобойников Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, таудағы оқиғалардың ең көп таралған себептерінің бірі – адамның өз мүмкіндігін асыра бағалауы. Кейбір туристер гидпен бір рет жорыққа шыққаннан кейін тауды жеткілікті деңгейде білемін деп ойлап, күрделірек бағыттарды өздігінен таңдауға кіріседі. Бұл ретте адамдар маршрутты алдын ала зерттей бермейді, күннің жарық уақытын ескермейді және қажетті жабдықты дұрыс таңдамайды.

"Тауларға жауапкершілікпен қарау және мұқият дайындалу қажет. Жолға шықпас бұрын маршрутты зерттеп, жақындарыңызға немесе достарыңызға нақты қай бағытқа бара жатқаныңызды хабарлау өте маңызды. "Тауға кеттім" деген сөз жеткіліксіз. Бізге, құтқарушыларға, кем дегенде шатқалдың атауы мен межелі жерді білу қажет", – деді маман.

Геолокация болған жағдайда іздеу-құтқару жұмыстарының ұзақтығы шамамен екі есе қысқаруы мүмкін. Ал координаттар белгісіз болса, құтқарушыларға үлкен аумақты тексеруге тура келеді. Кей жағдайларда арнайы үйретілген иттері бар кинологиялық топ та тартылады.

Павел Воскобойников тауға шығатын туриске өзімен бірге екі телефон немесе қосымша қуаттағыш алып жүруге кеңес берді. Сондай-ақ маршрутты тек электронды түрде емес, қағаз нұсқада да сақтау керек. Картаның бір данасын жақындарыңызға қалдырған жөн.

Тағы бір маңызды ереже – қайту уақытын дұрыс есептеу.

"Егер түске дейін жоспарлаған жеріңізге жетпесеңіз, 180 градусқа бұрылып, кері қайтыңыз. Қараңғы түскен кезде соқпақты жоғалтып, жолдан адасып кетуіңіз мүмкін", – деді құтқарушы.

Жабдыққа да ерекше көңіл бөлу қажет. Толыққанды тауға шығу үшін тобықты жауып, оны жақсы бекітетін аяқ киім таңдаған дұрыс. Ал тау кроссовкалары трейлраннингке көбірек жарайды, бірақ құлаған немесе аяқты сәтсіз басқан кезде тобықты жеткілікті деңгейде қорғай алмауы мүмкін.

Ауа райы ыстық болса да, мамандар ұзын шалбар, денені жауып тұратын киім, күрте және бас киім алуға кеңес береді. Бұл белсенді күн сәулесінен, тікенекті өсімдіктерден, кенелер мен жәндіктерден, сондай-ақ ауа райының күрт суытуынан қорғайды.

Таудағы ауа райы бірнеше минуттың ішінде өзгеруі мүмкін. Бұлт пайда болып, жел күшейгеннен кейін температура шамамен 10 градусқа төмендеуі ықтимал. Сондықтан жаз мезгілінде де өзіңізбен бірге күрте алып жүру қажет.

Құтқарушы жасөспірімдердің ата-аналарына да арнайы үндеу жасады. Оның байқауынша, соңғы уақытта 14-16 жастағы балалар тауға өздігінен жиі шығатын болған. Ата-аналар олардың қай бағытқа баратынын, қай уақытта оралатынын білуі және олармен үнемі байланыста болуы керек.

Күрделі тау бағыттарына емізулі балалар мен үй жануарларын алып бармау қажет. Кішкентай бала ауа райының күрт өзгеруіне байланысты тез қызып немесе тоңып қалуы мүмкін. Ал үй жануарлары тауды табиғи мекен ету және көбею ортасы санайтын жабайы жануарлар мен құстарды мазалауы мүмкін.

Құтқарушының айтуынша, таудан қорқудың қажеті жоқ, бірақ оған құрметпен қарау керек. Маршрутты алдын ала зерттеу, қолайлы киім мен аяқ киім таңдау, байланыс құралдарының қорын қамтамасыз ету, жақындарыңызға баратын бағытыңыз туралы ақпарат қалдыру және уақытында кері бұрыла білу – қарапайым демалыстың іздеу-құтқару операциясына айналу қаупін айтарлықтай азайтады.

Еске салайық, 16 тамызда Қырғызстаннан қайғылы хабар тарады: Құтқарушылар Курумды шыңынан із-түзсіз жоғалған Беларусь пен Литва альпинистерінің денелерін тапты

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: