1 млн теңгеге дейін: полиция қате айыппұлдарға байланысты жүргізушілерге шұғыл үндеу жасады

МВД РК, Министерство внутренних дел РК, сурет - Zakon.kz жаңалық 17.08.2026 16:49 Фото: пресс-служба МВД РК
Қазақстандық жүргізушілер тасжолдарда жүргеннен кейін негізсіз айыппұлдар келе бастағанына шағымданды. Ішкі істер министрлігі мұның себебін түсіндірді. Ведомство мәліметінше, ақпараттық жүйедегі техникалық ақауға байланысты айыппұл төлеу туралы нұсқамалар қате қалыптастырылған.

Әлеуметтік желілерде кейбір жүргізушілерге бір күнде 14 айыппұл, ал енді біреулеріне бірден 4-5 "бақыт хаты" келгені туралы ақпарат тарады.

Facebook қолданушысы Ришат Асқарбекұлы Қорғасқа барып келгеннен кейін төрт күн өткен соң екі айыппұл туралы хабарлама алғанын жазды. Ол айыппұлдарды бірден төлеген, алайда кейін тағы екі хабарлама келген.

"Мен жылдамдықты асырып, жолда құстай ұшатын жауапсыз жүргізушілердің қатарынан емеспін. Неліктен маған жалпы сомасы 50 мың теңгеге жуық айыппұл келіп жатыр?" – деп құзырлы органдарға жүгінді ол.

Тағы бір жүргізуші – такси қызметкері өзіне және әріптестеріне Алматы – Тараз тасжолында әр айда жылдамдықты асырғаны үшін ірі көлемде айыппұлдар келе бастағанын мәлімдеді. Олардың сомасы 80 мыңнан 1 млн теңгеге дейін жеткен. Кейбір жүргізушілерге бір айыппұл бірнеше рет қайталанып келген.

Осы жағдайға байланысты Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мұрат Қабденов 2026 жылғы 17 тамызда жүргізушілерге үндеу жасады.

"Қазір тасжолдардағы жылдамдықты асырғаны үшін салынған айыппұлдарға қатысты сұрақтар көбейгенін көріп отырмыз. Сондықтан не болғанын қысқаша түсіндіргіміз келеді. 13-14 тамыз аралығында Бас прокуратураның Әкімшілік іс жүргізудің бірыңғай тізілімі ақпараттық жүйесінде нұсқамаларды автоматты түрде қалыптастыру кезінде техникалық ақау болды. Соның салдарынан орташа жылдамдықты асыруға қатысты құқық бұзушылықтардың бір бөлігі лездік жылдамдықты асырғаны үшін қате ресімделген. Қазір әріптестерімізбен бірлесіп, техникалық ақаудың салдарын жою жұмыстарын жүргізіп жатырмыз", – деді ол.

Мұрат Қабденов жүргізушілерге ешқайда барудың қажеті жоқ екенін атап өтті.

"Полицияға жүгінудің немесе қандай да бір дәлел ұсынудың қажеті жоқ. Қате қалыптастырылған нұсқамалардың барлығы анықталды және автоматты түрде жойылады. Тағы да атап өтеміз: әңгіме тек аталған техникалық ақаудың салдарынан тасжолдарда қате қалыптастырылған айыппұлдар туралы болып отыр. Мұндай айыппұлдарды төлеп қойған жүргізушілерге қаражатты қайтару тетігі әзірленіп жатыр. Жағдай бақылауда", – деді Мұрат Қабденов.

Бұған дейін қазақстандықтарға мемлекеттік органдарға бармай-ақ, әкімшілік айыппұлдарды онлайн тексеріп, төлеу жолы түсіндірілген еді.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: