Ақмола облысында 5 мың теңге пара сұрады деп полицияға жалған хабар берген жүргізуші ұсталды
Фото: pexels
Ақмола облысында полиция қызметкерлеріне қатысты жалған шағым түсірген автобус жүргізушісі анықталды. Ол патрульдік полицейлер 5 мың теңге пара алғанын айтып, "102" нөміріне хабарласқан, деп хабарлайды Zakon.kz.
Оқиға 18 тамызда Астана – Қарағанды – Алматы автожолында болған. Патрульдік полиция қызметкерлері құжаттарды тексеру үшін "Van Hool" маркалы автобусты тоқтатқан.
"Тексеру кезінде автобустың салоны қайта жабдықталғаны анықталды. Атап айтқанда, көлік конструкциясында қарастырылған орындықтардың орнына жатын орындар орнатылған. Осыған байланысты жүргізушіге заңсыз қайта жабдықтау фактісі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды", – деп хабарлады полиция Zakon.kz тілшісіне.
Алдын ала мәлімет бойынша, автобус Шымкенттен Астанаға бағыт алған. Хаттама рәсімделгеннен кейін жүргізуші полиция қызметкерлерінің әрекетіне наразылық білдірген.
"Арада біраз уақыт өткен соң "102" арнасына патрульдік полиция қызметкерлері жүргізушіден 5 мың теңге алғаны туралы хабарлама түскен. Полицейлер дереу автобустың орналасқан жерін анықтап, оны тоқтатқан. Жүргізуші бастапқыда "102"-ге өзі қоңырау шалғанын мойындамаған. Тіпті қоңырау шалған SIM-картаны лақтырып жіберген. Алайда тексеру нәтижесінде хабарламаның дәл осы жүргізушіден түскені анықталды. Кейін ол әкімшілік хаттамаға байланысты ашуға беріліп, полицияға қасақана жалған хабарлама жасағанын мойындаған", – делінген хабарламада.
Жүргізушіге арнаулы қызметтерді көрінеу жалған шақырғаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды.
Полиция "102" желісі нақты оқиғалар мен құқық бұзушылықтар туралы хабарлауға арналғанын еске салды. Көрінеу жалған хабарлама беру заң бойынша әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript