Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық олимпиада жеңімпаздарымен кездесті

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада халықаралық пән олимпиадаларында жеңімпаз атанып, жүлделі орындарға ие болған оқушылармен және студенттермен кездесті, деп хабарлайды Zakon.kz., сурет - Zakon.kz жаңалық 24.08.2026 14:09 Сурет: akorda.kz
2026 жылдың 24 тамызында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада халықаралық пән олимпиадаларында жеңімпаз атанып, жүлделі орындарға ие болған оқушылармен және студенттермен кездесті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ресми ақпаратты Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Салтанатты іс-шараға физика, химия, биология, математика, информатика, география және лингвистика пәндері бойынша беделді білім додаларында топ жарған 21 лауреат, сондай-ақ олардың ұстаздары мен тәлімгерлері қатысты. Дарынды жастардың алтауы алтын, он бірі күміс, төртеуі қола медаль иеленген.

Мемлекет басшысы халықаралық білім сайыстарында үздік нәтиже көрсеткен жастарды жеңісімен құттықтап, олардың ел абыройын асқақтатуға қосқан үлесін жоғары бағалады.

"Әрқайсыңыз әлемнің ең зияткер оқушыларымен бәсекеге түсіп, беделді білім додаларында топ жардыңыздар. Көк Туымызды биікке көтеріп, еліміздің абырой-беделін арттыруға мол үлес қосып жүрсіздер. Біз сіздерді мақтан тұтамыз. Қазақстанның жарқын болашағы – ойы ұшқыр, білімді, дарынды жастардың қолында. Сіздер ел мақтанышы деген атқа лайықсыздар"! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент әр медальдың артында ұзақ дайындық, үздіксіз ізденіс пен табанды еңбек тұрғанын атап өтті. Осы орайда Мемлекет басшысы Абайдың "Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек" деген өсиетін мысалға келтірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев дарынды жастардың болашақта білікті инженер, көрнекті ғалым және мықты маман атанып, жаңа технологиялар мен ғылыми жаңалықтар арқылы Қазақстанның өркендеуіне және әлемнің дамуына үлес қосатынына сенім білдірді.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: