Ақмола облысында мас әйел достарын көлігімен үйіне жеткізбек болды
Фото: pexels
Бұл туралы Ақмола облыстық Полиция департаментінің баспасқз қызметі мәлімдеді.
Audi B4 көлігін байқаған полицейлер оны тексермек болған. Алайда жүргізуші тоқтау туралы талапқа бағынбаған. Керісінше, көлік жылдамдығын арттырып, қозғалысын жалғастырған. Көлікті жергілікті үйлердің бірінің ауласында тоқтатуға мәжбүр болған.
"Құжаттарды тексеру барысында полицейлер жүргізушінің көлік басқару құқығы жоқ екенін анықтады", – делінген хабарламада.
Әйелмен сөйлесу кезінде полиция қызметкерлері одан алкогольдің өткір иісін сезген. Ұсталған әйелдің айтуынша, бұған дейін достарымен кездесіп, бірге ішімдік ішкен. Басқосудан кейін ол достарын үйлеріне жеткізіп салуды ұйғарып, өзіне тиесілі көлікке отырған.
"Құқық бұзушылық фактісі бойынша оған заңда көзделген шаралар қабылданды", – деп мәлімдеді полиция.
Полиция қызметкерлері ішімдік ішкеннен кейін көлік жүргізу туралы шешім тек жүргізушінің өзіне ғана емес, жол қозғалысының басқа да қатысушыларына қайғылы жағдай әкелуі мүмкін екенін еске салды.