Саясаттанушы Құрылтай жұмысындағы жаңашылдықтар туралы айтты
Сурет: Telegram/ABISHEV ANALYTICS
Ол Telegram-арнасында Құрылтай жұмысының 28 тамызда басталуы Қазақстан парламентаризмі тарихындағы жаңа кезең екенін атап өтті.
"Президент Тоқаевтың конституциялық реформасы нәтижесінде Ата заңның негізгі ережелері айтарлықтай қайта қаралып, енді нақты институционалдық сипат алып келеді. Бұл жерде негізгі мемлекеттік институттарды қалыптастыру ісіндегі мағыналық егемендік ұғымына назар аудару керек. Геосаяси дабылшылардың түрлі бағасына қарамастан, Қазақстан маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдау мен заңнамалық базаны қалыптастырудың өзіндік жүйесін құра алды. Өзіміздің парламенттік дәстүрлеріміз бен институционалдық жадымыз қалыптасты. Олар тек Қазақстанға және оның элитасына бағдарланған", – деп жазды Әбішев.
Саясаттанушының айтуынша, бір палаталы Парламенттің қазіргі моделі – Қазақстан үшін жаңа жүйе. Сондықтан оны іс жүзінде сынақтан өткізіп, тиісті қорытынды жасап, қажет болған жағдайда жұмыс тетіктерін оңтайландыру қажет.
"Дегенмен 145 депутаттан тұратын біртұтас палата бізде көптен бері болған жоқ. Соған қарамастан, қазірдің өзінде бірқатар жаңашылдық бар", – деді саясаттанушы.
Оның сөзінше, жаңа Құрылтай жұмысында бірқатар өзгеріс қарастырылған. Атап айтқанда, мемлекеттік қызметшілер бейініне сәйкес тақырыптар бойынша депутаттық тыңдауларға қатысуға міндетті болады және одан жалтара алмайды. Ал депутаттар нақты белгіленген әдеп нормаларын сақтауға тиіс.
Сонымен қатар Ғазиз Әбішев Құрылтайда сегізінші комитет құрылуы мүмкін деген пікір білдірді.
"Сегізінші комитет қандай болуы мүмкін? Мүмкін, Цифрландыру және жаңа технологиялар комитеті шығар? Бұл – жаңа сын-қатерлерге жедел ден қоюды талап ететін өте қарқынды сала. Жасанды интеллект секторының қарқынды дамуын сапалы реттеп, ынталандыру үшін бұл бағытты терең зерделеу қажет. Жалпы, парламентаризмнің жаңа парағы ашылғалы тұр. Бұл еліміздің ғана емес, тұтас әлемнің тарихындағы бетбұрыс кезеңімен тұспа-тұс келіп отыр", – деп түйіндеді Ғазиз Әбішев.
Бүгін, 2026 жылғы 26 тамызда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші сайланған Қазақстан Республикасы Құрылтайының алғашқы сессиясын шақыру туралы Жарлыққа қол қойды. Құрылтайдың алғашқы сессиясы 28 тамызда Астанада өтеді.