Қазақстан мектептерінде ЖИ қолданудың жаңа ережелері әзірленеді
Фото: pixabay
Президент биыл мамыр айында орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі шаралар туралы арнайы Жарлыққа қол қойғанын еске салды. Алайда жаңа оқу жылы қарсаңында бұл тапсырма тиісті деңгейде орындалмаған.
"Бұл үлкен кемшілік. Себебі неде? Бәрібір технология қарыштап дамыған заманда мұндайға жол беруге болмайды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы балалар мен мұғалімдердің жасанды интеллектіні пайдалануына қатысты нақты тәртіп белгілеу қажеттігін атап өтті.
"Балалар мен педагогтердің жасанды интеллектіні жүйелі әрі дұрыс қолдану тәртібін белгілейтін пәрменді шараларды шұғыл қабылдау қажет", – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың, әсіресе ауыл жастарының цифрлық технологияларды тек күнделікті қажеттілік үшін емес, табыс табу құралы ретінде пайдалана білуі маңызды екенін айтты.
"Сіздерді құлаққағыс етейін, Жолдауда осы жөнінде нақты міндет қоямын. Бізге цифрлық мемлекеттен цифрлық халық экономикасы деген түсінікке көшу қажет. Басқаша айтқанда, жасанды интеллект пен оның мүмкіндіктері ермек емес, кіріс көзі болуға тиіс", – деді Мемлекет басшысы.
Президент жоғары білім беру саласында жасанды интеллектіні пайдаланудың этикалық, құқықтық және ұйымдастырушылық ерекшеліктерін ескеретін бірыңғай стандарт бар екенін атап өтті.
Осыған байланысты Үкіметке дәл осындай стандартты орта және кәсіптік-техникалық білім беру жүйесіне енгізуді тапсырды.