Ерлан Қарин: Конституциялық реформа мен сайлау үлкен саясатқа жаңа тұлғалардың келуіне жол ашты
Сурет: akorda.kz
Ерлан Қарин бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың алғашқы сессиясын ашқанын еске салды.
"Бірінші сессия", "бірінші шақырылым" деген тіркестердің өзі бұл оқиғаның айрықша тарихи маңызын аңғартады. Осыдан бір жыл бұрын Мемлекет басшысы бір палаталы Парламентке көшу идеясын ұсынған болатын. Арада 355 күн өткен соң бұл бастама жұмыс тобы мен Конституциялық комиссия аясында ұзақ, терең әрі жан-жақты талқыланып, жалпыұлттық референдумда жаңа Конституция қабылданып, Құрылтай сайлауы өткізілгеннен кейін іс жүзінде жүзеге асты. Ерлан Қарин
Осылайша, Қаринның сөзінше, бүгіннен бастап мүлде жаңа заң шығарушы институт – бір палаталы Құрылтай өз жұмысын бастады.
"Жаңа жоғары өкілді орган билік тармақтары арасындағы орнықты теңгерімді қамтамасыз ететін жаңа өкілеттіктерге ие болды. Құрылтай Вице-президент пен Премьер-министр лауазымдарына ұсынылған кандидатураларды, сондай-ақ Конституциялық соттың, Жоғарғы соттың, Орталық сайлау комиссиясы мен Жоғары аудиторлық палатаның құрамын келіседі." Ерлан Қарин
Ең бастысы, конституциялық реформа мен Құрылтай сайлауы үлкен саясатқа жаңа тұлғалар мен қоғам қайраткерлерінің жаңа буынының келуіне жол ашты.
"Мұны соңғы шақырылымдағы Парламентпен салыстырғанда депутаттық корпустың сапалық құрамының айтарлықтай өзгергенінен көруге болады. Әйелдердің үлесі екі есе, ал жастардың үлесі үш есе артты. Депутаттардың орташа жасы төмендеп, қазір 45 жасты құрайды." Ерлан Қарин
Бұрынғы Ұлттық құрылтайдың 22 мүшесі және мәслихаттардың 26 экс-депутаты Құрылтай депутаты атанды. Жаңа заң шығарушы органның құрамына Президенттік жастар кадр резервінің 10 мүшесі, Жастар саясаты жөніндегі кеңестің төрт мүшесі және Әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссияның бес мүшесі сайланды. Сонымен қатар институционалдық сабақтастық та сақталды: 24 депутаттың парламенттік жұмыс тәжірибесі бар.
"Депутаттар арасында тәжірибелі мемлекеттік қызметшілер, партия өкілдері, ғалымдар мен сарапшылар, кәсіпкерлер, аграрлық сектор мен өнеркәсіп мамандары, IT, шығармашылық, креативті және медиа индустрия өкілдері, этномәдени бірлестіктер мен волонтерлік қозғалыстың мүшелері, сондай-ақ жастар белсенділері бар." Ерлан Қарин
Осылайша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформалары көптеген белсенді азаматқа және өз ісінің кәсіби мамандарына әлеуетін жүзеге асыруға нақты мүмкіндік беріп отыр.
"Құрылтай жұмысының басталуымен саяси жүйені толық институционалдық тұрғыдан қайта жаңғырту үдерісі басталды. Бұл Қазақстанның жаңа, анағұрлым серпінді әрі ашық мемлекеттік-саяси үлгіге түпкілікті көшуін қамтамасыз етеді", - деп жазды Ерлан Қарин.