Қазақстанда инвестициялық өсімнің жаңа кезеңі басталды
Фото: Zakon.kz
Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері шамамен 4,4 трлн теңгеге 25 инвестициялық келісім жасалған. Бұл жобалар фармацевтика, энергетика, металлургия, агроөнеркәсіп кешені, инфрақұрылым және денсаулық сақтау салаларын қамтиды.
Өндірісті жергіліктендіруге ерекше назар аударылып отыр. Атап айтқанда, жалпы құны 173 млрд теңге болатын төрт жаңа фармацевтикалық жоба іске асырылады. Соның нәтижесінде елімізде дәрі-дәрмектің 356 түрін өндіру жоспарланған.
Сонымен қатар ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеу саласында да бірқатар ірі жоба қолға алынбақ. Инвесторлар бидай, жүгері және дәнді-бұршақты дақылдарды өңдеп, қосылған құны жоғары өнім шығаруды көздеп отыр.
Ең ауқымды бастамалардың бірі – Екібастұз қаласында "Деректерді өңдеу орталықтарының алқабын" құру жобасы.
"Аумағы 200 гектар болатын алаңда бұлтты сервистерге, есептеу операцияларына және жасанды интеллект технологияларына арналған инфрақұрылым орналастыру жоспарланып отыр. Инвестиция көлемі шамамен 30 млрд долларға бағаланады. Нысанның энергетикалық қуаты 300 МВт-тан 1 ГВт-қа дейін жетеді", – делінген Үкімет хабарламасында.
Ресми деректерге сәйкес, 2019-2025 жылдары Қазақстанның негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 1,9 есе артып, 23,5 трлн теңгеге жетті. Ал өңдеу өнеркәсібіне бағытталған инвестиция осы кезеңде үш есе өсіп, 3 трлн теңгені құрады.
Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын іске асыру аясында Үкімет адами капиталды дамытудың барлық кезеңін қамтитын жаңа модель қалыптастырып жатқаны хабарланған болатын.