Астана мектептерінде Білім күніне арналған алғашқы сынып сағаттары өтті
Сурет: Астана қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі
Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайтында жарияланды.
Сынып сағаттары "Адал азамат" бірыңғай тәрбие бағдарламасы аясында ұйымдастырылды. Оқушыларға Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың маңызы түсіндіріліп, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, азаматтық жауапкершілікті арттыруға және ұлттық құндылықтарды құрметтеуге басымдық берілді.
Сабақтарда "Адал азамат", "Таза Қазақстан", "Заң және тәртіп" және "Толық адам" құндылықтарына ерекше назар аударылды. Оқушылармен өз іс-әрекетіне жауапкершілікпен қарау, заң талаптарын сақтау, өзгелерді құрметтеу және қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәселелері талқыланды.
Жаңа 2026-2027 оқу жылында елордадағы 206 орта білім беру ұйымында 337 мыңнан астам бала білім алып жатыр. Олардың шамамен 33 мыңы биыл алғаш рет мектеп табалдырығын аттады.
Жаңа оқу жылына орай елорданың білім беру ұйымдарында кешенді дайындық жүргізілді. Қауіпсіздік, интернет байланысының сапасы, санитарлық жағдай және тамақтануды ұйымдастыру мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.
Барлық мемлекеттік мектеп бейнебақылау жүйелерімен жабдықталған. Камералар мен дабыл түймелері Бірыңғай ахуалдық орталыққа және Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына қосылған.
Биыл оқушыларды оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз ету үшін 14 баспадан 1,2 млн-нан астам кітап сатып алынды.
Мемлекеттік мектептердің бастауыш сынып оқушылары мен әлеуметтік осал санаттағы балалардың барлығы тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілді.
Сонымен қатар жаңа оқу жылы қарсаңында елордадағы №13, №41, №72, №73, №79, №82 және №86 мектептерінің жанынан жеті қосымша оқу ғимараты, сондай-ақ екі жекеменшік мектеп ашылды.
Жаңа нысандар қосымша оқушы орындарының санын арттырып, қолданыстағы мектептерге түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.



