Заңсыз несие берген екі қазақстандық 1 миллиард теңгеге жуық пайда тауып, түрмеге түсті
Фото: Zakon.kz
Істің мән-жайын Қостанай облыстық соты жариялады.
Олар міндетті лицензиясыз заңсыз микрокаржылық қызметпен айналысып, аса ірі мөлшерде табыс тапқаны, сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған ақшаны және басқа да мүлікті заңдастырғаны үшін сотталды.
Сотталушылар 2024 жылғы қаңтардан 2025 жылғы желтоқсанға дейін халыққа мүлікті кепілге қою арқылы заңсыз микрокредиттер берген. Олар бұл қызметті комиссиялық сауда ретінде көрсетіп, жалған мәмілелер мен фиктивті құжат айналымын пайдаланған.
"Көрсетілген кезеңде сотталушылар 1600-ден астам клиентке зергерлік бұйымдарды сақтау және өткізу бойынша қызмет көрсетіп, нәтижесінде 579 миллион теңгеден астам заңсыз табыс тапқан", – деп хабарлады сот.
Сонымен қатар сотталушылардың бірі заңсыз жолмен алынған ақшаны депозитке орналастырып, одан 534 мың теңге көлемінде табыс алған.
Сотта айыпталушылар өз кінәсін ішінара мойындады.
Жаза тағайындау кезінде сот қылмыстық жауапкершілікті жеңілдететін мән-жайларды ескерді. Атап айтқанда, шын жүректен өкінуі және кінәсін ішінара мойындауы назарға алынды. Сонымен қатар, олардың біреуінің асырауында мүгедектігі бар баласы, екіншісінің кәмелетке толмаған баласы болған.
Дегенмен қылмысты екі немесе одан да көп адамның алдын ала келісіп, бірге жасауы сотта жазаны ауырлататын жағдай ретінде қарастырылды.
Сот бірінші сотталушыға 2 жыл 6 ай, екіншісіне 2 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Олар қылмыстық-атқару жүйесінің ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтейді.
Үкім заңды күшіне әлі енген жоқ.
Қостанайдың тағы бір тұрғыны осындай қылмыс үшін сотталған. Ол да лицензиясыз мүлікті кепілге қойып, 120% мөлшерлемемен несие беруді ұйымдастырған. Елдің солтүстігіндегі тұрғын осы тәсілмен 774 миллион теңге пайда тауып, ол да бас бостандығынан айырылды.