Орман өрті әлі де өршіп тұр: Қазақстанның қай өңірлерінде жалынды сөндіру жұмыстары жалғасуда
Сурет: Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі
Қазіргі уақытта Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығы мен Алматы облысында өрт сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Құзырлы органдар ауа температурасының жоғарылауына және найзағайлы фронттардың өтуіне байланысты бірқатар өңірде жаңа орман өрттерінің туындау қаупі сақталып отырғанын ескертті. Азаматтарды табиғат аясында өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтап, отты абайлап пайдалануға шақырды.
Нақтыланғандай, 2026 жылғы 6 қыркүйекте еліміздің мемлекеттік орман қоры аумағында алты орман өрті тіркелді.
Өңірлер бойынша:
- Шығыс Қазақстан облысында – бір өрт;
- Қарағанды облысында – бір өрт;
- Павлодар облысында – бір өрт;
- Қостанай облысында – екі өрт;
- "Семей орманы" мемлекеттік орман табиғи резерватында – бір өрт.
Өрт ошақтары "Қазавиаорманқорғау" РМҚК жүргізген әуе патрульдеуі, ерте анықтау жүйелері және мемлекеттік орман күзетінің тұрақты мониторингі нәтижесінде жедел анықталды.
Өртті сөндіруге мемлекеттік орман күзетінің қызметкерлері, авиациялық өрт сөндіру қызметінің десантшылары, тікұшақтар мен "Қазавиаорманқорғау" РМҚК арнайы техникасы жұмылдырылды.
Бұған дейін Марқакөлдегі табиғи өртті сөндіруге екі тікұшақ тартылғаны хабарланған еді.