Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстандағы перзентханаларды жаппай тексерді: нәтижесі қандай
Фото: Zakon.kz
Ведомствоның 2026 жылғы 9 қыркүйектегі мәліметінше, мамандар инфекциялық қауіпсіздік талаптарының сақталуын бағалады. Атап айтқанда, дезинфекция мен зарарсыздандыру сапасы, желдету және сумен жабдықтау жүйелерінің жағдайы, инфекцияларды анықтау, сондай-ақ инфекциялық бақылау қызметтерінің жұмысы тексерілді.
Медициналық көмек көрсетудің нақты жағдайларын бағалауға мүмкіндік берген зертханалық зерттеулер де жүргізілді.
"Тексеру қорытындысы бойынша 81 санитарлық нұсқама берілді. 29 медициналық ұйымда дезинфекциялау және зарарсыздандыру режимінің бұзылғаны анықталды. Пациенттерге қауіп төндіретін заң бұзушылықтар бойынша тиісті шаралар қабылданды", – деп хабарлады ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.
Тексерулерден кейін денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев өңірлік денсаулық сақтау басқармаларына нұсқамалардың орындалуын ай сайын бақылауды және босандыру қызметін көрсететін ұйымдардың санитарлық-техникалық жағдайын талаптарға сәйкестендіруді тапсырды.
Сондай-ақ инфекциялық бақылау қызметтерін білікті мамандармен қамтамасыз етуді күшейту және медициналық ұйымдар басшыларының жауапкершілігін арттыру міндеттелді.
Келесі кезеңде балалар ауруханалары тексеріледі. Одан кейін осындай тексерулер алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін ұйымдарда жүргізіледі.
Бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі құрамында қант, тұз, қаныққан және трансмайлар мөлшері жоғары өнімдердің балаларға бағытталған жарнамасын шектеу жөнінде ұсыныстар әзірлегені хабарланған болатын.