Жүздеген адам көшеден әкетілді: Алматыдағы үйсіздерге қандай көмек көрсетіліп жатыр
Фото: Zakon.kz
Ведомствоның хабарлауынша, учаскелік инспекторлар тұрақты тұрғылықты жері жоқ адамдарды анықтау мақсатында профилактикалық рейдтер жүргізіп жатыр.
Жыл басынан бері "Пана" әлеуметтік бейімдеу орталығына 388 адам жеткізілген. Оның 54-і әрі қарай көмек алу үшін мекемеде қалған. Қалғандары тексеру мен алғашқы медициналық байқаудан өткеннен кейін ұсынылған көмектен бас тартқан.
Рейдтер барысында полиция қызметкерлері көшеде жүрген адамдардың жеке басын анықтап, ақпараттық есептер бойынша тексереді. Қажет болған жағдайда оларды тиісті қызметтерге жібереді.
"Учаскелік инспектордың міндеті – көшеде қалған адамды жай ғана анықтау емес. Оның жеке басын анықтап, қандай көмекке мұқтаж екенін білу және тиісті негіздер болған жағдайда бейінді қызметтерге жіберу маңызды. Сонымен қатар қоғамдық қауіпсіздікке төнуі мүмкін қатерлердің алдын алып, құқық бұзушылықтарды дер кезінде тоқтатуға тиіспіз. Сондықтан мұндай рейдтер, ең алдымен, профилактикалық сипатта жүргізіледі", – деп атап өтті Алматы полициясы.
Бұған дейін, тамыз айында Алматының шетінде тұратын тұрғындар аудандағы жалғыз саябақты үйсіз адамдар паналайтынын айтып, шағымданған еді. Олардың сөзінше, бұл адамдар шу шығарып, алкоголь ішіп, өтіп бара жатқан адамдарға тиіседі.