Қазақстан ТМҰ елдеріне есірткі бизнесімен күресетін орталықтар желісін құруды ұсынды
Сурет: ҚР Бас прокуратурасы
ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі берген ақпаратқа сай, жиында цифрлық технологиялар, криптовалюталар мен онлайн-платформалар арқылы жасалатын есірткі қылмыстарының жаңа түрлеріне қарсы күрес, бірлескен тергеу жүргізу және қылмыстық желілерді анықтауда жасанды интеллектіні пайдалану мәселелеріне баса назар аударылды.
Отырысқа Қазақстан, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан және Түркия прокуратураларының басшылары, сондай-ақ Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы мен ТМД-ға қатысушы мемлекеттер Бас прокурорларының үйлестіру кеңесінің өкілі қатысты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биыл мамырда өткен ТМҰ саммитінде түркі әлемінің бірлігін нығайту Қазақстанның аса маңызды басымдығы екенін атап өткен болатын. Сондай-ақ Мемлекет басшысы ұйымды бірлескен бастамаларды жүзеге асырып, ортақ мүдделерді ілгерілетуге арналған бірегей алаң деп атаған еді. Бұл қағидаттар прокуратура органдары деңгейінде практикалық тұрғыдан жалғасын тапты.
Берік Асылов қазіргі қылмыстық қауіп-қатерлердің ұлттық юрисдикциялар шеңберінен жиі шығып бара жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, мұндай қылмыстарға қарсы күрестің тиімділігі жедел ақпарат алмасуға, бірлескен тергеу жүргізуге және заманауи технологияларды пайдалануға тікелей байланысты.
Отырыстың негізгі тақырыптарының бірі цифрлық ортадағы есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл болды. Қазақстан тарапы дәстүрлі құқық қорғау әдістерін жасанды интеллектімен, цифрлық криминалистикамен және қаржылық талдаумен ұштастыратын кешенді жүйені таныстырды.
Соңғы бес жылда Қазақстанда:
- 400-ден астам есірткі зертханасы жойылды;
- 75 ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды;
- есірткі тасымалдаудың 720 арнасы жабылды;
- 147 тоннадан астам есірткі тәркіленді.
2025–2026 жылдары цифрлық платформалармен өзара іс-қимыл нәтижесінде есірткінің заңсыз айналымына қатысы бар 7 мыңға жуық интернет-дүкеннің қызметі тоқтатылды.
Сондай-ақ прекурсорлардың айналымын бақылау жөніндегі таргетинг орталығы құрылып, оған 23 ақпараттық базаның деректері біріктірілді. Жасанды интеллект пен үлкен деректерді талдау технологиялары қылмыскерлердің цифрлық іздерін анықтауға, криптовалюта операцияларын бақылауға және трансұлттық байланыстарды белгілеуге мүмкіндік береді.
"Ақшаның ізімен жүру" қағидаты бойынша соңғы екі жылда есірткі бизнесіне байланысты шамамен 35 млн доллар көлеміндегі активтерге тыйым салынды.
Қазақстан ұлттық таргетинг орталықтарының желісін құрып, оларды кейіннен өңірлік талдау жүйесіне біріктіруді ұсынды. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша есірткі тасымалдау арналары туралы ақпарат алмасуға және оларға жедел ден қоюға арналған халықаралық цифрлық платформа құру мәселесі пысықталып жатыр. Пилоттық жобаны Өзбекстанмен бірлесіп іске асыру жоспарланған.
Жиынның практикалық нәтижелерінің бірі – ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің прокуратура органдары арасында қылмыстық сот ісін жүргізу аясында мемлекеттік айыптауды қолдау саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою болды.
Құжат процестік практика, әдістемелік және талдамалық материалдар бойынша тұрақты ақпарат алмасуды, бірлескен сараптамалық іс-шаралар мен оқыту бағдарламаларын өткізуді көздейді.
Бұл меморандум 2025 жылғы қыркүйекте Түркістанда өткен ТМҰ-ға мүше және бақылаушы мемлекеттердің мемлекеттік айыптаушыларының халықаралық форумында қолға алынған жұмыстың жалғасы болды.
Отырыс қорытындысында тараптар есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл, цифрлық криминалистика және қаржылық тергеп-тексеру салаларындағы ынтымақтастықты жалғастыруға, сондай-ақ жасанды интеллект пен талдау технологияларын қолдану тәжірибесімен алмасуды дамытуға уағдаласты.
2026 жылғы 10 қыркүйекте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің Ішкі істер министрлері кеңесінің отырысы қарсаңында түркі мемлекеттері құқық қорғау органдарының басшыларымен кездесті.